«Шымкент конькиі -2022» ашық турнирі басталды

33

Шымкентте балалар мен жасөсіпірімдер арасында конькимен мәнерлеп сырғанаудан ашық турнир басталды. «Балалар жылына» арналған «Шымкент конькиі – 2022» додасы 3-6 мамыр аралығында өтеді. Турнирге елдің әр өңірінен 350-ден астам спортшы келіп қатысуда.

Үшінші мегаполисте конькимен мәнерлеп сырғанаудан «Шымкент конькиі-2022» ашық турнирі басталды. «Балалар жылына» арналған сайысқа Қазақстанның әр аймағынан және шетелдік спортшылар да қатысуда. 4 күнге созылатын турнирде 350-ден астам қатысушы өнерін ортаға салады.

Белді бәсекеде жерлесіміз 15 жасар Олег Мельников те бақ сынауда. Ол спорттың осы түрімен 8 жылдан бері айналысады. Жасөспірім бүгінгі байқауға 1 ай көлемінде дайындалыпты. «Өз өнеріме көңілім толады» деген ол, жүлделі орыннан үмітті екенін жеткізді.

Олег Мельников, Конькимен мәнерлеп сырғанаудан ҚР Спорт шебері: «Бұл турнирге 1 ай дайындалдым. Көрсеткен нөмірім «Алмаз қол»  деп аталады. Жаттығу, дайындық бәрі осы кешенде өтеді. Таңнан кешке дейін дайындалдым. Өзімнің көрсеткен өнеріме көңілім толады, жақсы шықтым деп ойлаймын. Еңбегім ақталады деп үміттенемін. Қателеспесем, тамыз айында Қазақстан чемпионаты өтеді. Турнир аяқталған соң, бар күшімді салып чемпионатқа дайындаламын».

Турнирге Шымкент қаласынан 60 спортшы қатысып жатыр. Сонымен қатар, жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен спортшылар келіп, өнер көрсетуде.

Элита Авонесян, Ташкент қаласындағы республикалық спорт шеберлігі мектебінің аға жаттықтырушысы: «Біздің құраманың бірнеше спортшысы өнер көрсетті. Қатысушылар арасында 4 жастан басталған балаларымыз да, спорт шеберлері де бар. Өзбекстан құрамасы бұл жолы көп келді. Жалпы 31 спортшы қатысып жатыр. Әлі жүлде иемденбедік, дегенмен жақсы дайындықпен келдік. Жеңістен үмітіміз бар».

Додаға балалар 4 жастан бастап қатыса алады. Ұйымдастырушылар, турнирді өткізудегі басты мақсат – елде конькимен мәнерлеп сырғанау спортын дамыту, сондай-ақ, дарынды балаларды анықтау екенін айтады.

Бақытжан Зиябек, Шымкент қаласы «№8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар – жасөспірімдер спорт мектебі» КММ директоры: «Бұл Республикалық турнир болып есептеледі. Биыл осы мәнерлеп сырғанаудан жарыстың ең соңғы турнирі бізде жабылып жатыр. Биыл бесінші рет өтіп отыр. Екі жыл пандемияға байланысты өтпей қалды. Енді келесі жылы халықаралық турнир ретінде өткізсек деп жоспарлап отырмыз».

Жарыста жалпы саны 11 команда жұптық немесе жекелей сайыста өнер көрсетеді. Бәсеке барысында үздік өнер көрсеткен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталатын болады.

Гүлдана Дәурен