Шымкентте интернет-алаяқтарға алданғандар көбейген

99

Елімізде алаяқтың құрбанына айналған жандар күн сайын көбейіп келеді. Ал айлакерлердің амал-тәсілдерінің аясы жылдан жылға кеңіп барады. Адамдарды тауар сатып алу немесе сату кезінде алдау – алаяқтықтың ең оңай жолы.

Айлакер алдымен карта нөмірін сұрайды, деректерді ұрлайтын сайтқа немесе қосымшаға сілтеме жібереді болмаса ақша аударымынан кейін ғайып болады.

Оксана Дятлова бір аптада екі рет алаяқтардың құрбаны болды. Алғаш рет киім жарнамасына сеніп қалған әйел Instagram аккаунтында он мыңдаған оқырманы бар дүкеннен көйлек алу үшін 17 мың теңге төлеген. Ал 15 мың теңгеге үйге ыдыс сатып алғысы келген екен. Алайда, ұзақ күткен тауарлар сол күйі келмеген. Ал бірнеше күннен кейін жалған дүкеннің иелері әйелді әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған. Оксана интернеттен жиі тауар сатып алатынын айтады, бірақ алаяқтыққа алғаш рет ұрынып отырмын дейді.

Оксана Дятлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ыдыс сататын дүкен өздерінің халық банктегі карта нөмірін жазған еді, кейін бірден өшіріп тастады. Ал бірінші көйлек сататын дүкенде тексеріп қарасам Украинаның халықаралық банкі жазылған екен».

Оксананың сөзінше, алаяқтар жеке телефон нөмірін бермейді және жазбаларға пікір жазу тетігін жауып тастаған. Жыл басынан бері 4 айдың ішінде Шымкентте 366 адам алаяқтардың құрбаны болған. Олар 150 миллион теңгеден астам сомаға алданып қалған.

Алаяқтар көп жағдайда автомобиль мен жылжымайтын мүлік сататын сайттарда немесе банктың атынан қоңырау шалу арқылы, жеке деректерге қол жеткізіп, құрыққа түсіреді. Ал қаржы аударылған карталарды табу қиын емес, себебі оны алаяқтарға көбінесе қарапайым студенттер сатады.

Данияр Маханов, Шымкент қаласы ПД аға уәкілі: «Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысатын адамдар бар, олар сол жұмыс үшін арнайы жалданады. Одан кейін олар белгілі бір пайызын алып, ақшаны шетелдік шоттарға аударады, оның ішінде көп жағдайда Ресей мен Украинаға. Ал алаяқтарға алданған жандардың ақшасын банк қайтарып бермейді, тек уақытын кейінге қалдыра алады. Ал кінәліні тапқан жағдайда, алаяқтың өзі қайтаруы керек!».

Қазақстанда өткен жылы 21 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Оның ішінде полиция көмегіне жүгінбеген зардап шеккен жандар да бар. Айти мамандары интернетттен тауар сатып алу тәуекелді қажет ететінін айтады. Алаяқты тану оңайға түспейтіні анық. Себебі олар мекен-жайды, телефон нөмірлерін бұрмалайды, сондай-ақ жалған куәлік ұсынуы да мүмкін. Ал тауарлардың суретін көп жағдайда интернеттен алады. Сол себепті тек ірі және танымал брендтерге сенген дұрыс. Бірақ алаяқтар тіпті олардың да атын жамылуы мүмкін.

Асылбек Тұртаев,  SMM-маман: «Алаяқтар өздерінің жеке жеткізу қызметі, жеке қосымшасы бар кейіп жасайды. Тіпті кейбір танымал логистикалық компаниялардың атауын қолданады. Қосымшалар жасайды және оның көмегі арқылы сіздің банктік деректеріңізді жай ғана игеріп алады. Телеграмм, Instagram Direct немесе олар қоңырау шалған телефон нөмірлеріне сіз қайтадан хабарлассаңыз, байланыса алмайсыз».

Ал ең дұрысы – дүкенге барып сауда жасау. Егер онлайн сатып алуды жоспарласаңыз, ешқандай банктік деректі – карта нөмірін, шығарылған күнін және әр алаяқ білігісі келетін артқы жағында үш санды ешкімге жібермеңіз!

Гүлдана Дәурен