Шымкенттіктер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

0

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1921-1954 жылдар аралағында солақай саясаттың салдарынан елімізде 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Бүгін үшінші мегаполисте саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі өтіп, боздақтардың есімі жазылған тақтаға гүл шоғы қойылды.

1921-1954 жылдар аралығында болған қатыгез қуғын-сүргінде көптеген алаштың арыс азаматтары қаза болды. Олардың қатарында – Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мағжан Жұмабаев секілді саңлақтар бар. 31 мамыр елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бүгін қала тұрғындары мен халық қалаулылары солақай саясаттың кесірінен істі болып, аяусыз атылған құрбандарға арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.

Шара барысында құрбандардың ұрпақтары ұлы тұлғалар турасында ерекше естелікпен бөлісіп, марқұмдардың аруағына құран бағышталды.

Зұлмат жылдардың құрбанына айналғандардың бірі – Сырмаханбет Ділімбетов. Ол 1937 жылы халық жауы атанып, сотталып кеткен. Нәубет жылдардың тарихына әбден қанық немересі Сырымбет Сырмаханбетов атасының шындық үшін күрескенін айтады.

Сырымбет Сырмаханбетов,  Сырмаханбет Ділімбетовтің ұрпағы: «Халық жауы болып,  ұсталып, сотталып кетті.  1956 жылы ОҚО сотымен ақталып, шешім шыққан болатын.  Бұл сурет 1976 жылы Москвада ЦК-ның архивындегі партбилетінің жанынан алынған. Мына жерде мөрі бар».

Әбдіғаппар Исаев, Текебай Дәрменовтың ұрпағы: «Көпшілігіміздің әкелеріміз, біреуі байдың баласы, біреуі молданың баласы деген секілді түрлі жаламен жапа шегіп, атап айтсам менің нағашы атам Дәрменов Текебай деген кісі 25 жылға сотталып, іс-түссіз кетті. Әке қуғын- сүргінге ұшырап, Тәжікстанда өмір сүрді. Міне, сондай тарих осында тұрған кісінің барлығының ата-бабасының басында бар».

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. Оңтүстік өңірде 7500-ге жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Қазіргі таңда оның тек 2050-і анықталған.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ұрпақтары үлкен биіктерде болсын! Жұмыстарына сәттілік тілеймін! Енді біз жыл сайын, осылай келіп, еске алып, құран бағыштап отырамыз. Ниет қабыл болсын! Әсіресе бүгін арнайы туысқандары келіп отыр, бәріңізге қала тұрғындары атынан, елдің атынан көңіл айтамыз».

Бүгінгі таңда 500-ге жуық адамның аты-жөні, тарихы зерттелу үстінде. Ал жалпы мәлімет бойынша, Шымкент қаласындағы «Қасірет» кешенінде 2500 адамның сүйегі жатқан көрінеді. Қаза тапқандардың есімі ел есінде мәңгілік сақталуы тиіс. Ол үшін мемелекет тарапынан барлық өңірде арнайы жұмысшы топ құрылып, зерттеу және насихаттау жұмыстары жүріп жатыр.

Гүлдана Дәурен