Тұрғын: «Қымбатшылық қыспаққа алып, кей тауарлар қолжетімсіз болып барады»

75

Қаланың даму жоспары әзірленгенде халықтың демографиялық өсімі ескеріледі. 2050 жылы мегаполисте 2,5 млн. халық болады деп күтілсе, инфрақұрылым және де өзге де әлеуметтік нысандардың саны да қажетілігіне қарай арта бермек.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың Әл Фараби ауданындағы есепті жиынында алдағы реферндум, сайлау, шарықтаған азық-түлік бағасы және баспананың қолжетімсіздігі туралы мәселелер көтерілді.

Қала әкімінің былтыр атқарған жұмыстарына қаныққан шымкенттіктер, президенттің Жаңа Қазақстан идеясын қолдайтынын, бірақ сол тың бастамаларды жүзеге асыруды ескі жүйемен емес, жаңашыл ашық әділ жолмен жүзеге асыруға шақырды.

Жанысбек Өтеген, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: «Сіз «Аманат» партиясы төрағалығынан кетесіз бе? «Жаңа Қазақстан», Референдум болады деп  жатырмыз.  Сайлау комиссияларына  тек  мұғалімдерді  ғана емес,  өзге қоғамдағы  белсенділерді  жұмылдыру қажет».

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ата заңымызға өзгерістер енгізілмек. Мен әлі төрағамын, егерде Заң шықса, онда әкім партия  төрағасы  бола алмайды. Сайлауға қатысты мұғалім өзі қалап тұрса біз оған кедергі бола аламаймыз».

Шымкент, баспана кезегіндегі азаматтарды пәтермен қамту мәселесін түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешуге тырысып жатыр. Алайда есепті жиында қатысқан көпбалалы ана Мария Оңалбаева, бұл мәселеде көптеген қиындықтарға тап болғанын айтады.

«Алғашқы  жарнаны  жинап қойдық, кезекте де тұрмыз. Еш пәтер ала алмаймыз бұған не дейсіз?  «Отбасы банкі» қалталы азаматтар үшін бе?», -деп ашынады  мүмкіндігі шектеулі көпбалалы ана Мәрия Оңалбаева.

«Қай бағдарламаға қатыстыңыз, сізге өзіңіздің өтінішіңіз бойынша жазбаша жауап береміз. Менің қабылдауыма келіңіз»,- деп жұбатты тұрғынды шаһар басшысы.

Есепті жиында талқыланған ең маңызды тақырыптардың бірі, күн санап шарықтап бара жатқан азық түліктің бағасы болды. Тұрғындар қымбатшылық күннен күнге қыспаққа алып, кейбір тауар түрлерін мүлдем сатып алудан қалдық деп ашынады.

Тұрғын: «Ет жеуден қалдық. Азық-түлік 7-8 пайызға емес, екі есе шарықтап кетті.  Спорт алаңшаларын сала бересіздер, қыруар қаржы бөліп, тоймаған бала қалай ол жерде ойнайды. Ет жеуді қойдық, қанттың бағасы етпен тең. Келер жылы тыржалаңаш жүретін шығармыз».

«Қазір қаланың бюджеті 480 млрд. теңге, соның 70 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеудеміз. Нарық болған соң , қазір әлемде жағдай қиын. Қазір картоп, пияздың бағасы төмен түсіп жатыр байқасаңыз. 40 дүкен бой көтерді.  Үкімет бекіткен  тізімдегі 19 әлеуметтік тауарға бағаны тұрақтандырамыз, қалғаны нарықтың өзі реттейді»,-дейді қала әкімі.

Әкім бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік, жекеменшік мектептердегі бастауыш сынып оқушыларына биыл алғаш рет ыстық тамақ беріле бастағанын еске салды.

Апатты үш аусымды мектептердің мәселесі келер жылы толық шешімін табады. Қаладағы инфрақұрылым мәселесінде де ілгерілеу күтілуде. Ал ең бастысы, бұл өзгерістердің барлығынан халық, енді жылына бір рет емес, әр тоқсан сайын хабардар болып отырады.

Шынар Оразова