Түркістандық полицейлер 5 күн бойы үйіне оралмаған оқушы қызды тапты

229

Түлкібас АПБ-нің кезекші бөліміне аудан тұрғындарының бірі кәмелетке толмаған қызының хабар-ошарсыз кеткендігі туралы хабарлаған. Яғни анасы мен қызының арасында отбасылық келіспеушілік туындап, содан 17 жасар бойжеткен белгісіз бағытқа үйінен шығып кеткен. Қызынан 5 күн бойы хабар ала алмай уайымдаған әйел, жақын туыстарына хабарласып, олардың да үйіне бармағандығын білген соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Түлкібастық полицейлер хабар алысымен бұл жайтты дереу тіркеуге алып, іздестіруге толық құрам жұмылдырылып, іске кірісті. Тәртіп сақшылары жоғалған бойжеткеннің құрбыларынан жауап алып, баруы мүмкін деген аймақтарды түгел аралап шықты. Көрші аудан, қалаларға да хабар беріп, сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Жедел уәкілдердің бір тәулік ішінде жасаған тыңғылықты әрі жедел әрекеттерінің нәтижесінде, оқушы қыз Шымкент қаласында жүрген жерінен табылды. Түлкібастық сақшылар оны аудандық бөлімге жеткізіп, анасымен аман-есен қауыштырды.
Анықталғандай, бұл жасөспірім қыз бұдан алдында хабарсыз кетіп, табылған екен. Соңғы жағдайда анасы қызын қайтып келер деп бірден іздеу салмаған. Анасымен жанжалдасып шығып кеткен 11-сыныптың оқушысы 3 күн бойы Түлкібас қаласындағы құрбыларының үйін паналаған. Содан кейін Шымкент қаласындағы досының үйіне кетіп қалған.

Қатты уайымдап бәйек болған анасы қызының дін-аман табылғанына қуанып, полицейлерге шын көңілімен ризашылығын білдіріп, қайта-қайта алғысын жаудырды.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға кәмелет жасына толмаған балаларына бақылауды күшейту керектігін ескертеді. Мұндай қатаң қадағалау жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы ПД баспасөз қызметі