Туылғанына екі күн болған нәрестенің өңешіне ота жасалды

127

Еліміздің әр түкпірінен жиналған хирургтар Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында бірнеше күрделі ота жасады. Бірігей операциялар ауыр дертпен туылған балаларға жасалған. Олардың арасында туылғанына екі күн болған сәби де бар.

Операция үстеліндегі бұл нәресте екі күн бұрын дүние есігін ашқан. Тумасынан ауыр дертке шалдыққан сәбиді дәрігерлер перзентхадан бірден балалар ауруханасына ауыстырып, күрделі ота жасады. Себебі нәрестенің өңеші бітеліп туылғандықтан, тыныс алу жолдарында бірқатар проблемалар болған.

Ержан Байдуллаев Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: “скрининг тексеру кезінде узиден іштегі баланың ахауын анықтап, үшінші деңгейлі перзентханада анасының босанауын алдын ала жоспарладық. Мұндай нәрәстеге бірінші,екінші күні ота жасалмаса, тамақ ішпегендіктен шетінеп кетуі мүмкін. Ота екі әдіспен жасалуда”.

Дәл осы мезетте ауруханадағы екінші операция үстелінде 12 жастағы қыз баласы жатыр. Науқасқа дәрігерлер сколиоз дионгозын қойған. Яғни, жасөспірімнің омыртқасы қисайған. Медицина мамандары операция кезінде қисайған сүйекті хирургиялық жолмен түзетіп берді.

Болат Нағыманов «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің жетекшісі: “Ота үш сағатта жасалды. Барлығы сәтті өтті. Ота балаға шипасын тигізді. Операция кезінде науқастың ақау аймағына темір нұсқау қойып бердік”.

Айта кетейік, бұл күрделі оталар қалалық клиникалық балалар аурухана базасында-Қазақстан хирургтары халықаралық форумы аясында тәжірибе алмасу мақсатында жасалды. Игі шара еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаевтың 85 жылдығына арналған. Халықаралық шараға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Орта Азия елдеріндегі балалар хирургиясы қоғамдастығының төрағалары мен дәрігерлері қатысып, емдеу шаралары жөнінде тәжірибе алмасты.

Лаура Нақыпқызы