Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу мамыр айының 16-нан басталады. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының мамандары брифинг барысында хабарлады. Биыл тест тапсыру жүйесінде қандай өзгерістер бар? Үшінші мегаполистен қанша оқушы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген?
Биыл Ұбт тапсырушы түлектерге қойылатын талап күшейді. Білім саласының қызметкерлері бұл ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шешім екенін айтады. Яғни, тест кезінде әр талапкерді екі камера бақылайды. Сондай-ақ тест тапсырушылар үшін жағымды жаңалық та бар.
Гүлнара Дәрібаева, Шымкент қалалық білім басқармасы: «Билғы жылы жақсы жаңалық енгізіліп отыр. Оның бірі негізгі ҰБТ-ді тапсыруға екі мүмкіндік берілді. Ұбт-ны екі рет тапсырып, соның ішіндегі ең жоғарғы балл арқылы мемлекеттік грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігі беріліп отыр. Осы орайда ескеретін жайт, бірінші мүмкіндік кезінде таңдаған бейіндік пәні ауыспауы керек».
Сондай-ақ биыл тест ережесін бұзуға оқталған түлектерге жаза қатаң. Егер ҰБТ-да ұялы телефон немесе басқа да құрал қолданғаны анықталса, тест тапсырушының келесі мүмкіндігі де жойылады. Әрі жинаған балы да есепке алынбайды.
Гүлнара Дәрбаева, Шымкент қалалық білім басқармасы: «Ол жерде барлығы үлкен экранда бақыланып отырады. Ол жазылады және сақталады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласынан да Орталық тестілеу орталығынан да бұл камералар бақылауда болады».
Айта кетейік, ҰБТ тапсыру үшін өтінімдер 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында тест центр кз сайтында қабылданады. Қазірдің өзінде үшінші мегаполистен 7 мыңға жуық оқушы өтініш қалдырып үлгерген. Ал ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.
Мөлдір Ибадуллаева