Сегізінші мамырдан бастап жиырма бірінші мамырға дейін бокстан әлем чемпионаты өтті. Қазақстандық былғары қолғап шебері Жайна Шекербеков ширек финалда 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, қола медальға ие болды. «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы боксшының қолдаушыларымен бірге спортшыны аруды жеңісімен құттықтады.
Шымкент қаласы әуежайының терминалына уақыттың ерте болғанына қарамастан, көптеген адам жиналды. Бірі қолына құттықтау қағазын, енді бірі гүлін алып, әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Жайна Шекербекованы қарсы алуға дайын.
Жайна Шекербекова, бокстан әйелдер арасында әлем чемпионатының қола медаль иегері: «Қолдау білдіріп әлеуметтік желіде жазған барлық хаттарды оқыдым. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында жеңіске жеттім. Барлықтарыңызға үлкен рақмет! Алда бұдан да үлкен жеңістерге жетеміз деген ойдамыз. Үлкен рақмет!».
Түркиядағы Әлем чемпионаты қатысушылар саны бойынша барлық рекордты жаңартты. Әлемдік додада жетпістен астам ел спортшылары үздік боксшыны анықтау үшін шаршы алаңда бақ сынады.
Шамиль Сафиуллин, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері: «Әр жекпе-жек өзінше қиын болды, барлық елден ең мықты спортшылар келген. 73 ел қатысты, бұл әйелдер арасындағы бокста болып отырған ең ауқымды чемпионат. Біз әрқашан жоғары нәтижеге, алтын алуға ұмытыламыз. Енді қай жерде қателескенімізді анықтап, сонымен жұмыс істейміз. Келесі чемпионатта алтын аламыз деген үмітіміз бар».
52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Жайна Шекербекова жартылай финалда таиландтық қарсыласы Джутамас Джитпонгпен кездесті. Жекпе-жек төрешілердің шешімі бойынша, таиландтық боксшының жеңісімен аяқталды. Ал Жайна Шекербекова «қола» медаль иегері атанды.
Жайна Шекербекова, бокстан әйелдер арасында әлем чемпионатының қола медаль иегері: «4 кездесу өткіздім. Барлығы өз елінің чемпиондары. Олардың арасында Олимпиада, Азия чемпиондары да бар. Бұрын 51 кг-да бокстасатынмын, қазір 52 салмаққа ауыстым. Бұл салмақта тек жылдамдықта техникамен аяқтай жүріп алдау тәсілімен шықтық. Үш ай дайындалдық. Үш кезеңнен өттік».
Жайнаның болашаққа құрған үлкен жоспарлары бар. Бокспен айналысқанына 12 жыл болған былғары қолғап шебері мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ал бас бапкер бұл жеңіске көпшіліктің қолдауы арқылы жеттік дейді.
Шамиль Сафиуллин, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері: «Медальға қол жеткізу оңай емес, онда спортшының, жаттықтырушылардың, дәрігердің және бізді әрдайым қолдап отыратын басшылықтың да үлкен еңбегі бар. Әр жетістік — үлкен команданың жұмысы».
Жайна Шекербекова Әлем чемпионатына үшінші рет қатысып отыр. Спортшы алты жыл бұрын ел астанасында өткен сайыста үшінші орынға ие болған еді. Ал 2018 жылы Үндістанда «күміс» жүлдеге ие болды.
Гүлдана Дәурен