Қазақстанда электрлі самокат әуесқойлары үшін жылдамдық шектелмек. Яғни, бұл көлік құралына ең жоғары жылдамдық сағатына 25 шақырымға дейін ғана болуы мүмкін. Оған, соңғы уақытта апаттың жиілеуі себеп болып отыр. Жалпы, жыл басынан бері елімізде аталған құрылғының қатысуымен қырықтан астам оқыс оқиға орын алған. Шымкенттіктердің бұл шектеуге көз қарасы қандай?
Шымкентте электрлі самокатпен жүру өткен жылы қарқын алды. Тұрғындардың біразы қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынауға қарағанда, самокатпен жүру әлдеқайда ыңғайлы екенін түсінді. Солардың бірі — Мөлдір Ибадуллаева. 18 жастағы бойжеткен бұл көлік түрін басқаруды жарты жыл бұрын меңгерген. Жаз айларында тек электросамокатпен жүруді қалайтын ару, бұл көлікпен ең жоғары жылдамдық сағатына 25 шақырым болсын деген оймен келіспейтінін жеткізді.
Мөлдір Ибадуллаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл самокатты мен жиі қолданамын. Анда-санда жұмысқа барып келемін. Негізі, өзіме қатты ұнайды. Үйренген адам болса, жай айдайды адамды көргенде, өзінің арнайы сигналы бар. Аса қауіпті емес. Жылдамдығын өзің ыңғайлап алуға болады. Мына күннің ыстығында автобуста қиын, ал самокатпен тиімді деп ойлаймын».
Көпшіліктің көңілінен шығып, тіпті кейбірінің сүйікті көлігіне айналып үлгерген құрылғыны еш қиындықсыз жалға алуға болады. Яғни, сізге ол үшін жүргізуші куәлігі немесе арнайы жабдық қажет емес. Тек жалдау ақысын төлеп, велосипед жолымен жүрсеңіз болғаны.
Электрлі самокат жылдам, экологияға зияны жоқ, кептеліс кезінде де тиімді әрі таксиге қарағанда әлдеқайда арзан. Бірақ, оның да өзіндік кемшіліктері бар. Мәселен, сіз қолайсыз ауа-райында самакатты міне алмайсыз, себебі ылғалдан батарея зақымдалуы мүмкін.
Сондай-ақ, аталған құрылғымен ыстық күнде жүруде тиімсіз, ондай кезде қуаты тез бітетін көрінеді. Ал, жалпы электірлі самокатты жүргізуді енді ғана үйреніп жатсаңыз, тепе-теңдікті жоғалтып, жаяу жүргіншілерге немесе көліктерге соқтығысуыңыз да әбден мүмкін.
Елімізде электірлі самокаттың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының саны артып келеді. Шымкентте аталған мәселемен жыл басынан бері он беске жуық адам зардап шегіп, дәрігерге жүгінген. Мамандар, ауыр жарақат алғандардың қатарында тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де бар дейді.
Асхат Әбдімәулен, Травматология бөлімі меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы: «Электросамокатпен апат кезінде көбінесе жаяу жүргіншілер зардап шегеді. Оның ішінде тізе жарақаттары, асықты жілік буынның жарақаттары көп кездеседі. Электро самокат айдаушы көбінесе бас ми жарақатымен көп кездеседі».
Мегаполис тұрғындарының басым бөлігі электрлі самокаттың жылдамдығын шектеу мәселесін қолдап отыр. Себебі тұрғындар, аталған көлік түрінің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалардың күрт көбейіп кетуіне алаңдаулы.
Электрлі самокатты жалға берушілер де жылдамдықты шектеу жөніндегі заңды қолдап отыр. Кикшеринг компания өкілдері, кейде апаттың алдын алу үшін, жылдамдықты құрылғының өзі шектеуге мәжбүр болатынын жеткізді.
Мұсалав Әлібеков, кикшеринг компаниясының директоры: “Бұл стандарт бойынша 25 км/сағ дейінгі жылдамдық самокаттарға қолданылады. Аталған көлік түрі жеке санатқа енгізіліп, велосипед сияқты арнайы ережелері болады. Мапед сияқты көлік түрлері самокат пен велосипед жүретін жерден алынады. Самокатты жалға беретін компанияларға бұл өте тиімді. Кейбір кездері арнайы орындарда, мәселен мектеп бала бақша маңында жылдамдықты қадағалаймыз, тіпті өзіміз де, сағатына 15 кмге дейін жылдамдығын азайтамыз”.
Елімізде тұрғындарға электрлі самокатпен жүруге 18 жастан бастап рұқсат етілген. Ал, аталған көлік түрін тізгіндеу барысында денсаулыққа зиян келтіріп немесе материалдық залал келтірген жағдайда – шамамен 30 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Аида Қарсыбайқызы