АИТВ жұқтырған жасөспірімдер жоғары білім ала алмай отыр

26

2000 жылдардың басында ақ халаттылардың салғырттығы мен шенеуніктердің әрекетсіздігінен Шымкентте 150-ге жуық бала АИТВ инфекциясын жұқтырған болатын. Ұмыт бола бастаған даулы мәселе бүгінде қайта көтерілді. Оның бір себебі иммунитеті төмен жасөспірімдердің білім алуында қиындықтар туындағын. Айтулы мәселе бойынша мұң-мұқтажын ата-аналар жеткізді.

«Балаларды ЖҚТБ-дан қорғау» қорының мәліметі бойынша, АИТВ-мен ауырған 150 баланың, 26-сын аты жаман ауру бұл өмірден алып кеткен. Ал осы қиын диагнозбен өмір сүріп, тіршілік үшін күресуді жалғастырған шымкенттік 75 бала ендігі кәмелеттік жасқа жетті. Олардың көпшілігі мектеп бітіріп, бір-бір мамандық иесі болуды жоспарлап отыр. Алайда олардың білім алуына үлкен кедергі пайда болды. Бұл жасөспірімдердің ата-аналары баласын ақылы негізде оқуға түсіруге қалтасы көтермейді.

Айжан, АИТВ-мен ауыратын баланың анасы: «Қазір мен жұмыссызбын, бірақ іздестіру барысындамын. Қазірше ауруға байланысты беретін мемлекеттік жәрдемақыға өмір сүріп жатырмыз».

Қызының емі жоқ ауруды жұқтырғанын білген бойда отағасы Айжанды тастап кеткен. Ол бір өзі сол кезден бері үш баласын тәрбиелеп келеді. Қызы биыл мектепті бітірді. Оның арманы мұғалім болу. Бірақ қаржылай тапшылық бала арманын орындауға мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі таңда ЖОО-да ақылы түрде білім алу шамамен жарты миллион теңге тұрады, ал бұл жұмыссыз қалған Айжан үшін үлкен ақша.

Айжан, АИТВ-мен ауыратын баланың анасы: «Қызым оқуға түскісі келеді. Бізге қазір қиын. Себебі бұдан басқа да мәселемізді шешуіміз керек. Балама білімнен бас тартшы деп айтудың ретін таппай отырмын. Бірақ ақылы негізде оқуға түсіруге қаражатым да жетпейді».

«АИТВ-позитивті балалардың аналары одағы» қорының жетекшісі Әлия Масаурованың айтуынша қазіргі таңда оншақты жалғыз басты ана аталған аурумен ауыратын балаларды асырап отыр. Әлия әлеуметтік жағдайы төмен аналардың атынан Үкіметке өтініш дайындап жатыр. Өтініште науқас балаларға арнайы мемлекеттік грант бөлуді сұрамақ.

Әлия Масаурова, «Қазақстанның АИТВ позитивті бала аналар одағы» қоғамдық қорының жетекшісі: «Мұндай балаларға барлық мүмкіндік жасалуы керек. Жалпы білім беру гранттары міндетті түрде берілуі тиіс. Бұл балалар берілген мүмкіндікті дұрыс игеріп, алып кете ала ма, жоқ па, бұл екінші мәселе. Бұл баланың өзіне байланысты. Бірақ білім грантын алғысы келетін баланың бетінен қақпай мүмкіндігінше мемлекет тарапынан тегін гранттар беріді қамтамасыз ету керек».

Билік өкілдері ерекше балаларды қолдауға дайын ба? Осы сұраққа жауап алу үшін ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолданды. Ал шенеуніктерден алған жауабымыз мынадай

Гүлжан Жарасова, Ғылым және жоғары білім министрлігі департаментінің директоры: «Біздің министрлік қолданыстағы заңнама аясында аталған балаларға көмектесу жолдарын іздестіретін болады. Менің ойымша көптеген балаларға негізгі бөлімде білім алуға мүмкіндіктері болады. Жергілікті атқарушы органдар бөлетін арнайы гранттар да бар. Мүмкін демеушілер де табылып қалар».

Қазір АИТВ-мен ауыратын Шымкентттік 75 баланың 15-і жоғары білім алады. Егер олар ҰБТ-да шекті балл жинаса, грантта оқи алады, дейді қоғам белсендісі Жаннета Жазықбаева.

Жаннета Жазықбаева,  «Балаларды ЖИТС-тан қорғау» қоғамдық және қайырымдылық қорының президенті: «Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар балалар әрбір ЖОО-на белгілі бір жеңілдік санаты арқылы түседі, онда олар гранттық негізде оқи алады. Бұл білім министрлігінде, қаралған дүние».

«Министрлік бұл мәселе барысын еліміздегі жетекші оқу орындарымен келісіп, шешімін бірге табуды көздеп отыр. АИТВ-мен ауыратын студенттерге әлеуметтік көмек, жеңілдіктер мен керек болса тегін біліммен де қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Әсел Мәлік