Ақжайық шағынауданында балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді

303

Қаратау ауданы жаңа балалар ойын алаңшасымен толықты. «Ақжайық» шағынауданында су жаңа ойын алаңшасы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның құрылысы сәуір айында бастау алған еді. Бұған дейін балаларын аулаға жіберуге қорқатын тұрғындар енді кішкентайларға алаңдамайтын болдық деп қуанып отыр.

Әселхан Қосмұратова Ақжайық шағынауданына алғашқылардың бірі болып көшіп келген. Мұнда тұрып жатқанына 4 жылға жуықтаған тұрғын ауланың бұған дейін өте нашар күйде болғанын айтады. Жас ана ойын алаңшасы салынған соң, енді балаларды алаңдамай аулаға ойнауға шығаратын болдық дейді.

Әселхан Қосмұратова, Шымкент қаласының тұрғыны: «2019 жылдың мамыр айында көшіп келген едік. Ештеңе бітпеген, ештеңе жоқ еді. Өте қуанышты болып жатыр осылай. Жағдайымызыды жасап беріп жатыр, барлығына көп рақмет!».

Абиба Жаппарқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы жерде тұрғанымызға 3 жыл болды. Мынаны істегені жақсы болды. Өзіміз де ойнап жүрміз тренажерға, қуанып отырмыз».

Жалпы Қаратау ауданы аумағында биыл 42 балалар және 10 спорттық алаңша салу жоспарланып отыр. Бұл туралы, тұрғындарды құттықтай келген аудан басшысы Рақымберді Жанысбекұлы айтып өтті.

Рақымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Биыл басталды, жылдың басында конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталған соң салынып, пайдалануға беріп отырмыз. Қазіргі таңда бізде 42 осындай алаңша салынып жатыр. Қала күніне орай соның біріншісін ашып отырмыз.  Жоспар 5 жылға дайындалған. Соған сәйкес әр жылы тиісті көпқабатты үй аулалары абаттандырылып, рет-ретімен жасалады».

Ақжайық шағынауданында 30 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындар аудан әкіміне енді көпқабатты үй аумағына абаттандыру жұмысын жүргізіп, жарық мәселесін шешіп беруді сұрады. Аудан әкімі аталған мәселелерді назарға алатынын айтты.

Гүлдана Дәурен