Шымшаһарда жаздың ең тәтті фестивалі басталды. Арбат саябағында мегаполисте бұрын -соңды болмаған «Балмұздақ фест» жобасы өтіп жатыр. Назира Анарбекова бүгінгі тәтті мерекені естіп, немерелерін арнайы алып келіпті. Тіпті осы фестиваль үшін Ташкент қаласынан немеремді шақырттым дейді әже.
«Иә, біліп келдік, жеңілдігі бар екен деді, содан балаларды алып қыдыртып алып келдік. Мен Өзбекстанның Ташкент қаласынан келдім осы Балмаұздақ фестті көру үшін келдім. Қазір балмұздақ жеп жатырмыз ұнап жатыр», дейді әже.
Балмұздақ фестке қатысуға жалпы саны 35 кәсіпкер өтінім білдіріпті. Оның 17-сі балмұздақ сатумен айналысатындар болса, ал 18-і келушілерге ыстық тағам түрлері мен тәттілер ұсынады.
«Ең алдымен сұйықтықты арнайы құрылғыға құйып, піскенін күтеміз. Дайын болған вафлиге балмұздақты саламыз. Бізде балмұздақтың бірнеше түрі бар. Құлпынай, бабл-гам, ванильді түрлері бар. Сатып алушының таңдауына қарай дайындап береміз», дейді кәсіпкер.
Фестивальде келушілер арасында түрлі ойындар өткізіп, жеңімпаздарға мәдени-тарихи орындарға тегін экскурсия, мейрамханаларға сертифкат сыйға беріледі. Жалпы балмұздақ фестивалін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр дейді ұйымдастырушылар.
«Құйылмалы балмұздақ жасау үшін өзіміздің арнайы цехымыз бар, сол жақта дайындап аламыз. Одан кейін арнайы көліктермен оны жеткіземіз. Алып келгеннен кейін, арнайы мұздатқыштарға жайғастырамыз. Аппараттарға құйып, дайын өнімді сатамыз. Фризерге құйылған соң, арнайы градуста қатырып, сақталады. Арнайы құйылатын ыдыстары бар. Сыртын міндетті түрде құрғақ сүрткішпен ораймыз. Себебі бұл санитарлық талапқа сай болуы керек. Бұл аппаратта банан және құлпынай бар. Ортасынан құйсаңыз, екі түрінен де болады», дейді балмұздақ сатушы.
Фестивальде басқа да тағам түрлері ұсынылып, кәуап те пісірілді. Сондай-ақ, келушілер үшін аква грим мен қыш құмыра жасаудан шеберлік сабақтары өткізілді. Алғаш рет өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы көңіл күй сыйлау дейді ұйымдастырушылар. Олар бұл фестиваль — кәсіпкерлерге өз өнімін таныстыруға үлкен мүмкіндік екендігін айтады.
Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы: «Шымкент қаласы қонақжайлылығымен, тағамдарымен әйгілі, ауа-райы да тамаша. Қала тұрғындар мен қонақтары енді біздің балмұздақтан да дәм ауыз тиіп кетсін деп ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін бізге тағы да ұсыныс келіп жатыр, даладағы балмұздақ сататындар да мүмкіндік беруді сұрап жатыр. Біз келісімізді бердік, ертең олар да өнімдерін шығарады».
Балмұздақ фестке тек қала тұрғындары ғана емес, шетелдік қонақтар да келіпті. Катар елінің азаматы Абдул Азиз Қазақстанға жасаған іссапарының Шымкенттің туған күнінен тұспа-тұс келгеніне ерекше қуанғанын, мұндай фестивальге алғаш рет қатысып отырғанын айтты.
Абдул Азиз Нассер Ашканани, турист: «Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Маған халықтың қонақжайлылығы қатты ұнады, табиғаты да өте тамаша. Мен Шымкентке қала күніне тұспа-тұс келген екенмін. Мұны білгенде қатты қуандым. Бүгін ерекше фестивальге келіп отырмын, мұндағы бағалар біздің елімізге қарағанда әлдеқайда арзан екен. Шымкент тұрғындарын қала күні мейрамымен шын үректен құттықтаймын. Қала әрқашан дамып, гүлдене берсін!».
Екі күн бойы өтетін фестиваль күндізгі 11-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Мұнда тек тіскебасарлар ғана ұсынылып қоймай, келушілерге мерекелік көңіл сыйлау үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған.
Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар шаһардың бірнеше жерінде өтіп жатыр. Мәселен, Абай саябағында «Отбасы фест» байқауына 15 жанұя қатысып, үлгілі отбасыны анықтады. Бірнеше кезеңнен тұратын фестиваль жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал мегаполистің туған күніне арналған іс-шаралар легі мерекелік концертпен жалғасады.
Гүлдана Дәурен