Қазақстанға дәлдігі жоғары, қазіргі заман талабына сай геодезиялық координаталар жүйесі керек. Себебі, біз қазір кеңестік кезеңнен қалған жүйені қолдануға мәжбүрміз. Ол әбден ескірген және жұртты әбігерге салып жүр. Мысалы, деректердің дәлдігі төмен болғандықтан кейбір елді-мекеннің координаттары әртүрлі болып кетеді.
Мәжілісте геодезия және картографияның қазіргі жағдайы талқыланып, тиісті заң жобасы қаралды.
Қазір Қазақстан 1942 жылғы СК-42 деген координаттар жүйесін қолданып жүр. 80 жыл бұрын жасалған жүйенің дәлсіздігі 9-10 метрге дейін жетеді. Бұл әрине, қазіргі заман талабына сай емес. Қолданыстағы «Геодезия және картография туралы» Заң да ескі. 20 жыл бұрын қабылданыпты. Ал бұл аралықта цифрлық технологиялар мен спутниктік жабдықтар пайда болды. Кеңістіктік деректердің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне және қол жетімділігіне деген талаптар өсті. Геодезия және картография саласының жағдайы мемлекеттегі кадастр мен жер-мүлік қатынастарының сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, ескі жүйе мен заңды жаңалау өте маңызды шаруа.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «Халықтың көпшілігі геодезия ғылымымен таныс емес, бірақ біздің айналамыздағы жағдайлардың барлығы адам өмірі мен жалпы ел үшін оның маңыздылығы туралы мысалдарға толы. Біз тұратын және жұмыс істейтін ғимараттарды, біз жүретін жолдар мен көпірлерді жобалау және салу кезіндегі қателіктерді жою, сондай-ақ ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезіндегі кедергілерді анықтау және тағы басқалар геодезиялық өлшемдердің дәлдігіне байланысты».
Жоғары дәлдіктегі геодезиялық координаталар жүйесімен қамтамасыз ету үшін жаңа заң жобасы әзірленген. Бұл құжат елдің бірыңғай цифрлық картографиялық негізін құру үшін керек. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру көзделіп отыр. Бұл жоба кеңістіктік деректерді бір платформада, бір форматта және бірыңғай талаптарға сай жинауға мүмкіндік береді.
Шынар Оразова