«Күйзеліске түскендіктен шектім»: Шымкент тұрғыны көшеде есірткімен ұсталды

0

Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері қызмет барысында көшелерді патрульдеу кезінде жол бойындағы бағаннан полиэтилен түйіншегін алып жатқан жас әйелді байқайды. Полицейлер тексеру кезінде түйіншекте кішкентай қара пакеттерге бөлініп салынған марихуана мен гашиш есірткі заттарын анықтаған. Сараптама нәтижелері тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 30 грамнан асатынын көрсетті.

Полицияға жеткізілген күдікті ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүріп, содан шыға алмағандықтан есірткіні қолдана бастағанын және оны өзі пайдалану үшін интернет-мессенджерлері арқылы алғанын айтқан. Ол төлемді онлайн түрде жасағаннан кейін оған жасырын есірткінің координаттары жіберіліп отырған.
Сот үкімімен әйел ҚР ҚК-нің 296-бабында көзделген » Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Мегаполис полицейлері есірткі заттарын заңсыз иемденгені, сақтағаны, дайындағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді.
Есіңізде болсын: есірткі қылмысқа итермелейді. Есірткіге тәуелді болмаудың жалғыз жолы – оны ешқашан пайдаланып көрмеу!