Желтоқсан айында Шымкент қаласы полиция департаментінің ғимаратында қайтыс болған Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша сот отырысы басталды. Атышулы істі Әл-Фараби аудандық соты қарап жатыр.
Полиция ғимаратынан өлі денесі шыққан қостанайлық азамат Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша лауазымды 4 полиция қызметкері айыпталып отыр. Олар оқиға уақытында Полиция департаментінің Криминалды басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған полиция полковнигі Уәлихан Жәнібеков және полиция подполковнигі Дәулет Әймешов, Қаратау аудандық ПБ криминалды полиция бөлімінің бастығы Дінмұхамед Исаев және соңғысы бірнеше ай іздеуде болып, сәуір айында қамауға алынған жедел уәкіл Өткіров.
Сот отырысына марқұм Нұрболат Жұмабаевпен бірге тергеуге жеткізілген Сергей Петров та қатысты. Сот отырысында айыпталушылардың адвокаттары істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Сөздерінше, бұған дейінгі тергеу амалдары тиісті деңгейде жүргізілмеген.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары да қылмысқа қатысы бар басқа да полицейлер жауапқа тартылуы керек дегенді алға тартты. Сондай-ақ, адвокаттар полиция департаментінің сол кездегі бастығы Ералы Жұмаханбетовтің де жауапқа тартылуы қажет екенін айтты.
Судья адвокаттардың істі прокуратураға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырмады. Ал қылмыстық істі соттылығы бойынша Еңбекші аудандық сотына жолдау туралы қаулы шығарды. Дегенмен аталған қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. айта кетейік, айыпталушылар сот отырысынан өздерін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді.
Гүлдана Дәурен