Қазақстан полициясына — 30 жыл

121

Бүгін 23 маусым, елімізде полиция күні аталып өтеді. Биыл қоғамдық құқық қорғау қызметінің құрылғанына 30 жыл. Бұл — Қазақстанның тәуелсіздігін қорғап жүрген полиция қызметкерлеріне алғыс айту күні.

Аталған мереке — өз ісіне адал қызмет етіп, халықтың құрметіне ие болған ардагерлер мен бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген бүгінгі күннің батырларына көрсетілген құрметтің белгісі деуге болады.

Полиция қызметкерлерінің қарбаласқа толы жұмысы қауіпті де күрделі. Олар қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, қылмыскер мен құқық бұзушыларды құрықтайды, кейде адам өмірін де қауіп-қатерден құтқарып қалады. Сондай тәртіп сақшыларының бірі Ерлан Айтмұхаметовтің осы салада қызмет атқарып келе жатқанына 9 жыл болған. Ол 2017 жылы суға құлап, шыға алмай қалған баланы аман алып қалған.

Ерлан Айтмұхаметов, Шымкент қаласы ПД қызметкері: «Шымкент қаласындағы Бадам өзеніне қызметім бойынша түскен болатынмын. Сол кезде Бадам өзені жақта полиция көмекке деген айқай естілді. Барып көмектесіп, алғашқы көмегін көрсетіп, ата-анасына тапсырдық. Халыққа әрдайым көмек көрсету маөқсатында қызмет атқарамыз».

Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде кең таралып кетті. Мұнда қала тұрғыны 9 қабаттан секірмек болған. Тәртіп сақшылары өз уақытында жетіп, қайғылы оқиғаның алдын алды

Бұл салтанатты кеш- қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлеріне арналды. Олар да тәртіп сақшысы, тек темір тордың ар жағындағы тәртіптің сақталуын қадағалайды.

Бүгінде қоғамның полиция қызметкерлеріне деген көзқарасы әртүрлі бірі мақтаса, енді бірі даттап жатады. Бірақ оған қарамастан олар ел тыныштығын күн-түн демей қорғап жатыр. Тіпті Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікті тоқтату жолында бірнеше маман жанын қиды.

Қала тұрғындары полицейлерді мерекесімен құттықтады. Оларға тынымсыз еңбегі мен атқарған адал еңбегі үшін алғыстарын жаудырды.

Тұрғындар қандай ауыр ұрыс-жанжал болса да полицейлердің құтқара алатынын біліп 102-ге хабарласады. Ал сыбайлас жемқорлық пен өз ісіне немқұрайлы қарайтын қызметкерлерден полиция жақын арада арылады деп үміттенеді.

Әсел Мәлік