«ҚР Полициясына-30 жыл!»: Шымкентте тәртіп сақшылары марапатталды

38

Шымкенттік полицейлер кәсіби мерекесін атап өтті. Атаулы шарада сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов тәртіп сақшыларын «Қазақстан полициясына 30 жыл» толуымен құттықтады. Әрі 100-ден аса полиция ардагерлері мен тәртіп сақшыларына Президент пен қала әкімінің алғыс хаты және естелік сыйлықтары табысталды.

Шымкент полицейлері кәсіби мереке қарасаңында құрметке бөленді. Бүгінде әділетті қоғам құру және құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер енгізу бойынша көптеген іс атқарылуда деген қала басшысы Мұрат Әйтенов тәртіп сақшыларын мерекемен құттықтап, марапат табыс етті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздердің антқа адал болуларыңыздың арқасында қаламызда тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мемлекет полицейлердің жалақысын көбейту және баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. Қалалық әкімдік материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алдық. Соңғы 3 жылда полицияға 109 автокөлік, былтыр 3 868 дана бейнебақылау камералары алынды».

Ал шара барысында полиця департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков тарихта өшпес із қалдырған Ішкі істер органдарының ардагерлеріне де құрмет көрсетіп, қызмет барысында қаза болған полицейлердің жақындарына сый-сыяпат табыстады.

«Қолдаушы халық тұрғанда, қорғаушы полиция қашан да қасқайып қызмет етеді». Осылай деген генерал алдағы уақытта Полиция департаментінің жеке құрамы жұдырықтай жұмылып, алға қойған мақсат пен міндеттерді абыроймен атқаратынына сенетінін жеткізді.

Қайрат Дәлбеков, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы:
«Тұғырлы елдің тыныштығын күзеткен Қазақстан полициясына 30 жыл толды. Осы тұста Тәуелсіздіктің әр жылы полиция үшін айырықша маңызға ие екендігін айта кенкен жөн. 30 жыл ішінде егемендігімізбен қатар Қазақстан полициясы да қарыштап дамып келеді».

Сондай-ақ шара барысында Департамент қамқорлығындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ұлттық аспап домбыра сыйға берілді.

                                                                                               Мөлдір Ибадуллаева