Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі — ұлт саулығы күзетінде

93

 

Жаһанды жайлаған талай эпидемиялардың бетін қайтарып, елді аман алып қалуда сан-эпид қызметтің маңызы өте зор. Бұған тарих куә. Әлем жұрты жапа шеккен оба, халыққа кесапат әкелген тырысқақ, дүниені дүр сілкіндірген Эбола бар. Аты аталмағандары қаншама?! Қазір бұлардың бірі де жоқ. Бұл сан-эпид қызметінің білікті жұмысының нәтижесі.

Ауру анықталған бойда эпидбригада қорғаныш құралдарын сайлап,ауру ошағына жедел жетіп, эпидемиологиялық зерттеу жүргізеді. Науқаспен байланыста болғандарды шұғыл анықтап, оқшаулау жұмыстарын іске асырады. Аурудың таралу тізбегін үзу, карантин шараларын енгізу жұмыстарын ұйымдастырады. Бұл әрекеттер бір ғана науқасты емес, бүтін бір елді сақтап қалу үшін жүргізіледі.

Кешегі ковидтің күрделенген шағында сандәрігерлер, эпидемиологтар соғыс жағдайындағыдай тәртіппен жұмыс жасады, үйлерін ұмытты, қызметте қона жатып еңбек етті. Пандемия сан-эпид қызметтің айрықша маңызын айқындап берді. Бас мемлекеттік дәрігерлердің құзыреттілігі де артты.

Кешегі локдаун есімізде. Мемлекеттік органдардың жұмысын реттеп отыру, үйлестіру, елге карантин енгізу, мемлекеттік шекарадағы қозғалыс, кәсіпкерлердің жұмысы, тыйым салу мен рұқсат беру — барлығы Бас санитар дәрігердің Қаулысына тәуелді болды. Сәл қателесуге, мүлт кетуге мүлдем болмайды. Себебі әрбір шешімнің артында адам тағдыры, ұлт саулығы тұр. Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында  эпидахуал біршама тұрақтанды.

Бүгінде сан-эпид  қызмет жаңа инфекциялық қауіп-қатермен сәтті күресіп, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Балабақшалар, мектептер мен лагерьлерді санитариялық қадағалау арқылы балалардың денсаулығын, азық-түлік пен өзге өнімдердің сапасын бақылау арқылы халық саламаттылығын қамтамасыз етіп келеді.

Қызмет жыл бойы қауырт. Себебі қыс, күз — тұмау мен ЖРВИ-дің, көктем-кене энцефалиті пен кене шағудан зақымданудың, жаз- жедел ішек инфекциясы мен серрозды менингиттің өршитін уақыты. Сондықтан сан-эпид қызмет 365 күн бойы ұлт саулығы күзетінде.

Құрметті әріптестер! Қарусыз майданда мәртебелі міндетті мүлтіксіз атқарып, уақытпен санаспай, тәулік бойы тік тұрып, қызмет еткендеріңіз үшін, қайғы-мұңның орнына үміт отын сыйлағандарыңыз үшін, қауіппен бетпе-бет келсе де мойымай, алдыңғы шепте еңбек еткендеріңіз үшін мың алғыс. Ең жауапты әрі ауыр жұмыста Сіздерге табыс пен күш-қуат тілеймін. Еліміз індеттен аман болып, Жаңа Қазақстанымыз өрлей берсін.

Ізгі тілекпен,  Ержан Байтанаев

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі