Шымкент: Бизнесті қолдау және қорғау ісі қарқын алды

154

Бүгін Шымкентте қала әкімінің қатысуымен бірлескен форум өтті. Шарада қала аумағындағы өңірлік қылмыстың криминологиялық болжамының жекелеген аспектілері туралы пилоттық жобаның презентациясы таныстырылды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі «Бизнесті қорғау және қолдау» мәселесі көтерілді.

Шымкентте денсаулыққа зиян келтіру қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 21,7%-ға артқан. Бұл туралы мегаполистің бас прокуроры мәлімдеді. Айтуынша, оның 25%-ында қайғылы жағдай тіркелген. Ал бұрын сотталғандардың қайта қылмысқа ұрыну фактісі 95,7% -ға өскен. Алдағы уақытта мұндай қылмыстың алдын алу мақсатында бас прокуратура мен құқықтық статистика саласының мамандары бірқатар ұсыныс білдірді.

Ғабит Мұханов, Шымкент қаласының прокуроры: «Біріншіден қылмысқа қарсы күрес идеалогиясын өзгерту керек. Біз қылмыстың барлық себептерін жоя алмаймыз. Бірақ оған қатаң әлеуметтік бақылау орната аламыз. Өңірлердегі криминогендік ахуалдық объективтілік көрініс қажет. Екіншіден өңірлік қылмысқа қарсы күрестің ғылыми негізделген сауалымен және іске асыратын базасын әзірлеу керек. Цифрландыру қозғаушы күшке айналуы тиіс».

Қала әкімінің қатысуымен өткен шарада «Бизнесті қорғау және қолдау» мәселесі де көтерілді. Мұрат Әйтеновтың айтуынша, шаһардың өсіп, дамуында кәсіпкерлерге қолдау көрсету аса маңызды рөл атқарады. Бұл әсіресе, қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты бағыты. Сала жауаптылары кәсіпкерлік субъектілердің заңды мүддесін қорғауда прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл және қаржы мониторингы агенттігімен бірігіп, қарқынды жүмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Әділжан Датқаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының м.а: «Мәселен 2021 жылы кәсіпкерлер палатасының қарауына бизнесті қорғау бойынша 202 өтініш түскен оның 60% оң шешімін тапты. Негізі олардың жер қатынастары 19,6% , санитарлық эпидемиялық қадағалау саласы бойынша 14,6%, мемлекеттік сатып алу 14,2%, Салық саласы 8% , көлік және логистика 5,6%, табиғи монополия қаржы секторы және т.б орын алған. Қорғалған құқықтардың жалпы соммасы 4,8 млрд теңгені құрайды».

Бірлескен форум барысында жергілікті кәсіпкерлер шешілмей жүрген мәселелерімен бөлісіп, көкейінде жүрген бірқатар сауалдарына жауап алды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мына жер дүкен, мына жер қонақ үй және соған қарап кәсіпкерлер сатып алады. Ең бастысы кейін жемқорлық болмас үшін біз геопорталды жасап, қазір жылдың аяғында жетеді. Бәрі электронды форматта қала тұрғындарына ашылып тұр. Әр кәсіпкер біледі, мына жерде не болатынын. Сол үшін сол жерге күреседі, бәсекелестікпен. Осыны қолға алып ең бастысы қазір бірінші қылып Шымкентте осы екі аптадан кейін жерлер шығады».

Қазіргі таңда қаламыздағы ең басты өнеркәсіп орындарын технологиялық жаңарту және цифрландыру жол картасын әзірлеу шарасы жүзеге асырылды. Қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, шаһарға жалпы саны 7753 бейне бақылау камерасы орнатылды.

Сондай-ақ, бүгінде 180 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетпен қамтылса, 2025 жылға дейін тұрғындар 100% интернетке қол жеткізеді. Жауапты мамандар, аталған нәтиженің негізгі себебі, қаладағы бизнесті қолдау екенін жеткізді.

 Аида Қарсыбайқызы