Шымкент қаласының 2035 жылға арналған бас жоспары талқылануда

217

Қала басшылығы, сәулетшілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында мәслихат депутаттарының алдында Шымкент қаласының бас жоспарын таныстырды.

2012 жылы бекітілген шаһардың бас жоспарына он жылда бірқатар түзетулер енгізілген болатын. Бұрын қаланың аумағы небәрі 47 мың гектар болса, қазір республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкенттің аумағы 117 мың гектарды құрайды.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «2012 жылғы бекітілген бас жоспармен өмір сүріп келе жатырмыз. Әрине бүгінгі күннің талабына ол сай емес. Білесіздер 2018 жылы Шымкент қаласы өз алдына республикалық маңызы бар қалаға енгеннен кейін бұл біздің қаламыздың жоспары түзетулерді қажет етті.
Былтырғы жылы біз маусым айында осыдан конкурс өткізіп алматылық «Grad комплекс» компаниясы жеңіп алып , қазіргі таңда осы 2035 жылға дейінгі бас жоспарының түзетулерімен жұмыс жасап жатыр».

Сала мамандары  шаһардың бас жоспарының бірінші кезеңін жасағанда бұрын кеткен қателіктерді ескеріпті.

Нұрбек Аужанов,  «Grad комплекс» ЖШС директоры: «Қалада Ұ. Арғынбеков, Т. Рысқұлов, Қ. Төлеметов, мына жақта Жібек жолы, Алматы күре жолы бар. Төрт жолақты керемет жолдар, Алматыда кетіп бара жатқандай боласың. Алайда жолдың бойында жеке сектор. Мұнда екі бетте көпқабатты үйлер кешені орналасқанда үйлесімді болатын еді. Сонымен қатар, жаңа бас жоспарда өндіріс және индустиалдық аймақтар мен теміржол сияқты маңызды нысандардың орналасуы да ескерілді».

Қала аумағы алғаш рет 275 кадастрға бөлінді. Сондай ақ, шаһарда орналасқан тұрғын үй, коммерциялық нысандар және инфрақұрылым, бос жерлер жайлы толық мәлімет алу үшін былтыр 1 де 10000 масштабында векторлық бейнетопографиялық түсірілім жасалыпты. Шымкенттің 2035 жылға дейінгі даму бас жоспарындағы жаңашылдықтар жайлы қала әкімінің өзі баяндап берді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қаланың бас жоспарының бірінші кезеңімен таныстырып жатырмыз. Мұнда қаланың ішіндегі жолдар қалай  жетілдіріледі, өндіріс және индустриалдық аймақтар қалай орналасады, жеке секторға қарағанда басымдық көпқабатты тұрғын үй  секторына беріледі. Қаламыздың аумағы кеңейді, халықтың саны да өсуде. Осыған байланысты 5-ші аудан  бойынша ұсынысымызды үкіметке бердік. Басқару бойынша барлық есептеулермен. Қорғасын зауыты төңірегіндегі  ескі үйлерді сүру бойынша тұрғындардың өздерінен ұсыныс күтеміз».

Сәулетшілер шаһардың бас жоспарын әзірлегенде шетсіз қала деген қағиданы ұстанған. Ол дегеніміз Шымкентте тұратын азаматтарға тең жағдай жасау.
Әйгерім Жұмақұлова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:  «Мен жеке ұсыныс беретін едім, жаңағы айтып кеткендей жеке секторларды қаланың ортасына, яғни азайтып, үлкен-үлкен магистралды көшелердің бойында мегаполистің кейпіне келтіретін, көп қабатты үйлер соғуға кеңес беретін едім. Себебі, бұл  қала бюджетіне өте ыңғайлы, көптеген қаражат үнемделеді. Себебі,  бір  шағынауданды алатын болсақ, ол жерде 30 тұрғын үй жеке сектор болатын болса,  көп қабатты үй 300  болады. Инфроқұрылым жағынан болсын өте тиімді».

Аумағы кеңейген, халық саны 1 млн-нан асқан Шымқаланың бас жоспарының бірінші кезегі маусымның 23-нен бастап халықтың талқылауына ұсынылды. Келесі айдың, яғни шілденің 23-не дейін қаламыздың әрбір тұрғыны бас жоспармен танысып, өз ұсыныстарын жазбаша қалдыруға мүмкіндігі бар.

Шынар Оразова