Қала басшылығы, сәулетшілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында мәслихат депутаттарының алдында Шымкент қаласының бас жоспарын таныстырды.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «2012 жылғы бекітілген бас жоспармен өмір сүріп келе жатырмыз. Әрине бүгінгі күннің талабына ол сай емес. Білесіздер 2018 жылы Шымкент қаласы өз алдына республикалық маңызы бар қалаға енгеннен кейін бұл біздің қаламыздың жоспары түзетулерді қажет етті.
Былтырғы жылы біз маусым айында осыдан конкурс өткізіп алматылық «Grad комплекс» компаниясы жеңіп алып , қазіргі таңда осы 2035 жылға дейінгі бас жоспарының түзетулерімен жұмыс жасап жатыр».
Сала мамандары шаһардың бас жоспарының бірінші кезеңін жасағанда бұрын кеткен қателіктерді ескеріпті.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қаланың бас жоспарының бірінші кезеңімен таныстырып жатырмыз. Мұнда қаланың ішіндегі жолдар қалай жетілдіріледі, өндіріс және индустриалдық аймақтар қалай орналасады, жеке секторға қарағанда басымдық көпқабатты тұрғын үй секторына беріледі. Қаламыздың аумағы кеңейді, халықтың саны да өсуде. Осыған байланысты 5-ші аудан бойынша ұсынысымызды үкіметке бердік. Басқару бойынша барлық есептеулермен. Қорғасын зауыты төңірегіндегі ескі үйлерді сүру бойынша тұрғындардың өздерінен ұсыныс күтеміз».
Сәулетшілер шаһардың бас жоспарын әзірлегенде шетсіз қала деген қағиданы ұстанған. Ол дегеніміз Шымкентте тұратын азаматтарға тең жағдай жасау.
Аумағы кеңейген, халық саны 1 млн-нан асқан Шымқаланың бас жоспарының бірінші кезегі маусымның 23-нен бастап халықтың талқылауына ұсынылды. Келесі айдың, яғни шілденің 23-не дейін қаламыздың әрбір тұрғыны бас жоспармен танысып, өз ұсыныстарын жазбаша қалдыруға мүмкіндігі бар.
Шынар Оразова