Шымкент: Спортшылар Азия чемпионатынан жүлдемен оралды

0

Жерлестеріміз шетел төрінде көк туымызды желбіретті. Ливан қаласында өткен Азия чемпионатында, ұлттық құрама команда сапында өнер көрсеткен Шымкенттік төрт спортшы бүгін жүлдемен оралды.

Ел қоржынын алтын және күміс медальмен толықтырған жеңімпаздарды жанкүйерлері әуежайдан арнайы күтіп алды. Спортшылардың жарыстан алған әсері мен қуанышын бөлісуге арнаның түсірілім тобы да барды.

Маусымның бірі мен төрті аралығында Ливан қаласында өткен Азия чемпионатында көк туымызды желбіретіп, ел қоржынын алтын медальмен толықтырған спортшылардың бірі шымкенттік – Азман Амаева. Ол шетелде самбо күресінен 80 кг салмақта бақ сынады. Жеңімпаз ару әуежайдан өзін қуана қарсы алып, қолдауға жиналған жанкүйерлеріне жарыстың қалай өткенін айтып, бәсекеден алған әсерімен бөлісті.

Азман Амаева, Азия чемпионатының алтын медаль иегері: «Ливан қаласында маусымның бірі мен төрті аралығында өткен Азия чемпионатында біздің спортшылар жоғары дәрежеде өнер көрсетіп алтын және күміс жүлдені иелендік. Жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Өте жоғары дәрежеде. Ерекше әсер қалдырды».

Аталған дода да Азманмен бірге, мегаполистен 5 спортшы өнер көрсетіп, төртеуі жүлделі орын иеленді. Жаттықтырушылар бұл көрсеткіш үлкен еңбек пен маңдай тердің нәтижесі екенін айтады. Сондай-ақ мамандар мұнымен шектелмейтінін айтып, шәкірттерінің алға қойған мақсатымен бөлісті.

Қорған Тұрымбетов, Самбо күресінен аға бапкер: «Шымкент қаласынан 5 спортшымыз қатысты. Жастар арасында Өмірбек Алина деген қызымыз чемпион болды, және Нұрсейіт Санжар чемпион болды. Және жауынгерлік самбодан Әсет Анарбай екінші орын алды. Ересектер арасында екі қызымыз Азия чемпионаты алтын медаліне ие болды».

Нұрлан Орынбаев, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры: «Азия чемпионы болу үшін еңбек ету керек. Осындай жетістікке жету сол еңбектің арқасы. Олар біздің мақтанышымыз. Бұйырса биыл Әлем чемпионаты болады, соған қызу дайындалады. Ол сайыста да спортшыларымыз жоғары дәрежеде өнер көрсетеді деген үміттеміз».

Бапкерлерінің үмітін ақтап, Қазақстанды бүкіл дүние жүзіне мойындатуды басты мақсат еткен спортшының бірі – Маржан Бизақ. Ол Азия чемпионатында күміс алқа иеленді. Десе де, ол алдағы әлемдік дода да үздік нәтиже көрсетуге барынша тырасамын дейді.

Маржан Бизақ, Азия чемпионатының күміс медаль иегері: «Бірінші күрескен Моңғолия болды, екінші Түркіменстан, үшінші Өзбекстан болды. Жақсы өтті, енді Құдай қаласа Әлем чемпионатына жақсылап дайындал , мақсатыма жету».

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Азия чемпионатына биыл 32 мемлекеттен 350 спортшы бақ сынаған. Ұстаздық үміті ақталып, жарыстан мерейі үстем болып оралған жергілікті жаттықтырушылар ендігі ең үлкен нысанамыз – Әлем чемпионаты  дейді. Шебер дайындық пен спортшылардың таудай талабының көрсеткіші аталған дода да өз нәтижесін береді деп сенеміз.

Аида Қарсыбайқызы