ҚР Мәдениет және спорт министрі Шымкентке келді. Дәурен Абаев мегаполис тұрғындарымен кездесіп, халықты толғандырған бірқатар сауалға жауап берді. Жиналған көпшіліктің басым бөлігі өнер және спорт үйірмелерін ашып беруді сұраса, енді бірі танылмай жатқан таланттарға қолдау көрсетуді сұрады. 1,5 сағатқа созылған жиында министр тұрғындарды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді шешіп беретінін айтты.
Тегін мәдениет және спорт үйірмелерінің санын арттыру керек! Бүгін тұрғындар осы сынды өздерін мазалаған бірқатар сауалын ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа жолдады. Министр алдымен осы уақытқа дейін атқарылған іс-шараларға тоқталып, тұрғындар алдында баяндама жасады. Сөзінше, биылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақасы өскен және 2025 жылға дейін тағы артады.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Биылдан бастап мәдениет, архив ісі қызметкерлерінің саны 2025 жылға дейін орта есеппен 20 пайызға жыл сайын арттыру көзделген. Өткен жылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға, өңірлік деңгейде 35 пайызға артқанын атап өткім келеді».
Сонымен қатар, Дәурен Әскербекұлы биылдан бастап қаламгерлер мен баспагерлерге 2 әдебиет сыйлығы берілетінін атап өтті. Министр, Алматы қаласында бастау алған отандық авторлар мен баспагерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған кітап жәрмеңесін Шымкент қаласында өткізуді ұсынды.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Қаламгерлер мен баспагерлер мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында ұлттық әдеби свйлық тағайындалды. Сыйлық 7 номинация бойынша беріледі. Үздік проза, үздік поэзия, драматругия, әдеби аударма, балалар әдебиеті, комикс және үздік кітап дизайны деген номинациялар бойынша. Сыйлық қоры әр номинацияға 5 млн. теңгеден санағанда 35 млн. теңгені құрайды».
Кездесудің соңы сұарқ-жауапқа ұласты. Шымкент қаласындағы этномузей өкілі мекемеге әлі күнге дейін мемлекет тарапынан қаржы бөлінбегенін айтты. Ол — бұған дейін музейге өзге елдің министрлері келіп тамашалағанын айтып, мұндай музейдің бар екенін білмейтін мәдениет министрін келіп көруге шақырды.
«Біздің музейде шетелдік мәдениет министрлері, елшілер болды, келіп жатыр. Не деген тәртіп! Біздің министрлер енді… шақырамыз!».
Ал қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов министрге жергілікті режиссерлердің тың туындыларын таныстырып, оларды республикалық деңгейдегі телеарналардан көрсетуге қолдау сұрады.
Сондай-ақ, жиында бұған дейін бірнеше рет көтерілген қуыршақ театрының да мәселесі қозғалды. Театр мүшесі Дәурен Әскербекұлына 1 жыл ішінде 50 қызметкердің жұмыстан шыққанын, театрдың тағдырын қолға алуды сұрады.
«Бір жылдың ішінде 50 — ден аса адам жұмыстан кетті. Ол біздің қуыршақ театрында болмаған тарихи оқиға. Қазір қуыршақ театры ақсап тұр. Бізге қуыршақ театрының қойылыидарын қоятын режиссер де жоқ. Керекті мамандардың біразы кетіп қалды. Ал біздің бұл мәселені шешіп беретін қазір мәдениет басқармасынан адамдар да жоқ. Осы мәселе назарға алынып шешілсе екен дейміз», дейді ұжым мүшелері.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Енді білмеймін ғой, ырымшыл қазақпыз ғой, менің ойым анау шіркеудің ішінде отырудың өзі жақсылық алып келмейді ғой, негізі сіздерге басқа ғимаратқа қарау керек. Ия бүгін шіркеуде отыр, ия адыраспандата алмайсың ол жақты».
Дегенмен, Дәурен Абаев бұл мәселені назарға алып, қала әкімімен кездесуде нақтылап, шешімін табуға тырысатынын айтты. Тек бұл ғана емес, министр бүгінгі жиында көтерліген барлық мәселені шешуге тырысатынын, нақты нәтиже көрсетуге уәде берді.
Гүлдана Дәурен