Шымкентте озық үлгідегі техникамен жабдықталған медициналық орталық ашылды

24

Шымкентте «Avenue» медициналық орталығы ашылды. Жаңа мекемеде пациенттерді терапевт, педиатр, кардиолог, гинеколог секілді түрлі медицина мамандары қабылдап, кеңес береді. Сондай-ақ, тамыз айында медициналық орталықта кардиохирургия бөлімі ашылып, күрделі оталар жасалады деп жоспарлануда.

Шымкентте» Avenue » медициналық орталығы ашылды. Жаңа төрт қабатты ғимаратта түрлі медициналық қызмет түрлері ұсынылған. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары терапевт, педиатр, кардиолог мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар офтальмолог, невропатолог, гинеколог және психолог кабинеттері де жұмыс істейді. Сондай-ақ, тіс дәрігерлері де науқастарды қабылдауға дайын. Аталған медициналық орталық техниканың озық түрімен жабдықталған.

Ақылжан Позилов, «Avenue» медициналық орталығының басшысы: «Соңғы үлгідегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты, Лор-комбайндар, эндоскоп аппараттары, және соңғы үлгідегі сандық рентген аппараты бар. «Avenue» медициналық орталығы қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайын».

Орталық ашылған сәттен бастап-ақ, алғашқы пациенттер келіп, медициналық тексеруден өтті.

Хилола Идаятова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз бұл медициналық орталықтың ашылғанына қуаныштымыз, мұны көп күткен едік. Маған гинеколог дәрігердің көмегі қажет болды, бұл мекемеде білікті мамандар бар екен. Сонымен қатар, мұнда жаңа құрылғылар бар, емделушілер риза болады деген ойдамын».

Стационарда кардиохирургиялық отадан кейін пациенттер реабилитациядан өтеді. Ал операция осында, «Avenue» медициналық орталығында жасалады. Клиниканың үшінші қабатында тамыз айында кардиохирургия орталығы ашылады. Онда жүрекке күрделі операциялар жасалады.

Ал емделушілерге кеңес беруге және күрделі ота жасауға Нұрсұлтан және Алматы қалаларынан үздік кардиохирургтер шақырылады.

Гүлдана Дәурен