Шымкентте тұратын шешен отбасының тарихы

90

«Отырар» телеарнасы «Отбасы тарихы» бағдарламасының жаңа маусымын бастайды. Бұл жоба Шымкентте тату-тәтті өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің тарихын баяндайды. Жаңа маусымның алғашқы шығарылымда шешен жанұясының тарихымен таныстық.

Депортация куәгерлері мұндай жауыздық көптен бері болмағанын айтады. Адамдарды өлтірген, көбі суық пен аштықтан көз жұмған. Сталиннің “Чечевица” операциясы миллиондаған адамның жүрегінде жазылмас жара қалдырды. Сол бір операцияның аяқталғанына 78 жыл өтті. Шешендер мен ингуштарды не үшін атамекен қонысынан қуғанын ешкім де түсіне алмаған. Сталин 1944 жылы 23 ақпанда Кавказдың көптеген халқын Қазақстанға жер аудару туралы шешім шығарған.

Рамзан Матаев – Шымкенттегі шешен диаспорасының жетекшісі. Ол Шешен-Ингуш Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасынан қоныс аударылғандардың ұрпағы. Анасы қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы қол ұшын созып, көмектескенін айтады. Қазақтар мен шешендер де басқа халықтар сияқты бейбіт, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Рамзан Матаев: «Мен туған жерімді қатты жақсы көремін. Мысалы Кавказға 10 күн қонаққа бардым. Сол кезде 10 күн бойы қазақша сөз естімедім. Сол кезде қазақ тілін қатты сағындым. Мен Кавказда шешен ұлтына тұрмысқа шыққан қазақ қызын кездестірдім. Ол қазақша сөйлегендегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Міне біздің бауырмал екенімізге осы жағдайлар дәлел».

Шешендерде дастархан басында қонақтар мен отағасы отырған кезде жастардың отыруына рұқсат жоқ екен. Егер үйдің үлкені өзі дастарханға шақырса ғана отыруға болады. Бізді құтты қонақ деп қарсы алған олар ұлттық тағамы кашанды дайындап алдымызға қойды. Олардың қонақжайлығы қазақ халқына ұқсайды. Қазақтармен ұқсасатығы тек бұл емес дейді әулет үлкені Алуба Матева

Алуба Матаева: «Қазақ халқында қызды ұзатып аларда қалың мал бар ғой. Сол дәстүр бізде де бар. Әрбір ұлттың салт дәстүрін сақтауы бірліктің арқасы. Халықтар бірлігін әрқайсымыздың арамыздағы достық нығайта түседі. Шымкентте жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде! Біздің басты мақсатымыз – осы бірлікті сақтау».

Айта кетейік, Шымкентте мыңнан астам шешен ұлт өкілі тұрады. Көбі Шешенстанға қоныс аударған.

Жанерке Хумар