Шымкентте ҰБТ-ны 2 мәрте тапсыруға 38 мыңнан астам өтініш тіркелді

142

 Шымкентте Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталғалы тұп-тура 1 ай өтті. Содан бері қаладағы тестілеу орталығында 17 мыңнан астам түлек бабын сынады. Таяуда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Шымкентке келіп, мұндағы сынақ қалай жүріп жатқанын тексерді.

Жылдан жылғы Ұлттық бірыңғай тест сынағын қатаңдатып жатыр. Әйтсе де біліміне емес, қулығына сеніп, тестілеу жүйесін алдауға тырысатындар да бар. Шымкентте бір күнде ҰБТ тапсыруға келген 3 талапкерден смартфон, шпаргалка сынды заттар табылып, тестілеуге кіргізбеді. Ал тағы 2 талапкер ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Нәтижелері жойылды. Жалпы ҰБТ басталғалы елімізде 180-нен астам талапкер тестілеу барысында тыйым салынған заттарды пайдаланған. Олардың әрекеті әшкере болып, тест нәтижесі жойылды. Мемлекеттік грант конкурсына қатысу құқығынан айырылды.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры: «Біріншіден біз ескеруіміз керек, жылдан жылға құқық бұзушілік фактілері азайып келе жатыр. Екіншіден нәтижесі жойылған оқушылар академиялық адалдық сақтамағандар. Өткен аптада пост жарияладық. Білесіздер республика бойынша 2 оқушы ең жоғарғы 139 балл жинаған болатын, осы сәтте айта кететіні біз ҰБТ біткен соң да барлық видеоларды ашып қараймыз. Барлық әрекеттерін кейін де тексеріп отырамыз. Осылайша жаңағы 139 балл жинаған балалардың нәтижесі жойылып кетті».

Оның сөзінше, жылдан жылға бақылау күшейіп, тың өзгерістер болып жатыр. Сәйкесінше, мұның барлығы білім сынағының адал өтуіне сеп. Біліміне сеніп, жоғары балл жинаған түлектің бірі – Бірғаным Игісінова. Ол Пушкин атындағы №1 мектепте оқыған. “Алтын белгіге” үміткер қыздың арманы – психолог болу. Бірғаным ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігінде 104 балл жинаған.

Бірғаным Игісінова, мектеп түлегі: «Мен негізі шетелге грант ұтқанмын. Бірақ білімімді тексеру үшін ҰБТ тапсыруға шешім қабылдадым. Бірінші мүмкіндікте 104 балл жинадым. Шетелге психология мамандығына түстім, осы саламен өмірімді байланыстырғым келді, тағы да өз білімімді сынау үшін 2 рет тест тапсырамын. Ол кезде бұдан да жоғары жинаймын деп ойлаймын».

Тың өзгеріс демекші, қазір Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруға болады. Яғни талапкер бірінші нәтижесіне көңілі толмаса, екінші рет сынақтан өтеді. Биыл елімізде ҰБТ-ны екі мәрте тапсыруға 290 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 38 мыңнан астамы Шымкентте тіркеліпті.

Әсел Мәлік