Тұрғындар жайма базар саудасына қарсылық танытты

135

Жабық базар маңындағы көпқабатты үй тұрғындары айналадағы жайма базардың саудасына қарсы шағым жасады. Отырар телеарнасының редакциясына шу мен қоқыстан әбден шаршағанын жеткізген қала тұрғындары хабарласты. Олар саудагерлер түнде ұйқы бермейтінін, ал өздері сауда жасап болғаннан кейін қоқыс қалдықтарын тастап кететінін айтады.

Ескі ойыншықтар, киім-кешек, самауыр мен үтіктер — осы секілді бұрын қолданыста болған заттар 1 мамыр көшесіндегі жайма базарда сатылады. Саудагерлер мұнда өзін еркін сезінсе, ал жергілікті тұрғындар олармен көрші болудан әбден шаршағанын айтады.

Тұрғындардың айтуынша, саудагерлер мұнда қызу саудамен айналысуды шамамен 8 жыл бұрын бастаған. Содан бері жергілікті тұрғындар күл-қоқыс үйіндісін қалдыратын жайма базар саудагерлерімен күресіп келеді екен. Сөздерінше, сатушылар таңертең ерте келіп сауда жасайтын орнын белгілей бастайды.

Марианна Ситникова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Төбелес, маскүнемдер, қоқыс, тыныштықты бұзу секілді жағдай күнде кездеседі. Ал егер мұнда сауда жасауға болмайтындығын айтсаң, сені тіпті елемейді де. Олар біздің бұдан зардап шегіп отырғанымызды түсінбейді. Мұнымен қоймай, олар тіпті терезелердің түбіне дәрет сындырады».

Елена Колесникова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Олар таңғы сағат 4-те қатты сөйлеп, шулап, орынға таласа бастайды. Адамдар осы жерде сусын ішеді, тіпті осында түнейді, көптеген қоқыс қалдықтарын қалдырады, шу шығарады. Олар сатылмаған тауарларды өздерімен бірге алып та кетпейді, керісінше қоқысқа жинап қояды. Жаз мезгілінде бізде санитарлық талаптар мүлде сақталмайды».

Саудагерлер заттарды ғана емес, сатылмаған жануарларды да қоқысқа тастайтын көрінеді. Ал көліктердің кесірінен көше мен аулаларда бос орын жоқ дейді. Олар тіпті балаларын серуендеуге жіберуге қорқатынын айтады, себебі бірін болмаса бірін қағып кетуі мүмкін.

Бірақ сатушылардың да өз шындығы бар. Сөздерінше олар да жақсы өмір сүргендіктен саудамен айналысып жүрген жоқ. Сондай-ақ, мұндағы сатушылар кәсіпкерлер емес, керісінше бір үзім нанға мұқтаж көпбалалы аналар мен зейнеткерлер. Осында сауда жасайтындардың бірі 57 жастағы Гүлмира Мұсахан. Айтуынша, оны еш жерде жұмысқа алмайды.

Гүлмира Мұсахан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Базарға барып саудалайын десек, онда мүлдем орын жоқ. Оның үстіне біз күнде шықпаймыз. Мысалы менің өзім зейнетақы жақындағанда, ақшамыз қалмаған уақытта шығамын. Егер тұтынушылардан сұраныс болмаса, біз сатуға шығармаймыз ғой. Бізден бүкіл қала тұрғындары келіп сатып алады».

Ал жергілікті әкімдік бұл мәселені білетін көрінеді. Олар тіпті қоршау қоюға тырысыпты, бірақ оны да бұзып тастапты. Кейін сатушыларға басқа жерге көшуді ұсынған, дегенмен мұндағылардың базарларда жалдау ақысын төлеп тұрғысы келмейді, оның үстіне үйренген жерден басқа жаққа барғысы келетіндерде де аз.

Алмаз Жарасов, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы: «Біз тұрғындардың тыныштығын бұзбау үшін, ұрыс-керіс орын алмауы үшін басқа базарға ауыстыруға тырыстық, оған қоса бұл заңсыз, ҚР ҚК 204-бабы заңсыз саудаға жатады. Заң аясында тек учаскелік инспектор айыппұл сала алады, бірақ олар да халықтың төменгі тобынан шыққан адамдарға аяушылық танытып, ең алдымен ескерту жасайды, бірақ егер адам ескертуді елемейтін болса, айыппұл салынады».

Жергілікті тұрғындар егер жайма базар сатушылары саудасын тоқтатпаса, прокуратураға шағымданамыз дейді. Сөздерінше, олар тыныш ұйқысын бұзған саудагерлерді қалайда тоқтатуға ниетті.

Гүлдана Дәурен