Түркістан: Бүкіл орталық көшеге экзотикалық ағаш отырғызған

123

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының тұрғыны тұтастай бір көшені баққа айналдырды. Қараман Төленов бірнеше жылдан бері бау-бақша егумен айналысып келеді. Бағбан алдымен терек пен қарағаш отырғызып, содан кейін экзотикалық ағаш егуге көшкен. Сондай-ақ, ол ойлаған ісін жүзеге асыру үшін қараусыз қалған бос жерді таңдапты.

Бұл жабайы пальма. Жануарлар оны жемейді, сонымен бірге өсімдік өте қарапайым, тіпті сирек ауырады. Жақсы көлеңке береді.

Қараман Төленов үш жылдан бері бүкіл орталық көшені жабайы пальмалармен безендіріп келеді. Экологиялық тұрғыдан ыстық шаһарда әдемі оазис жасағанды армандаған азамат, тіпті, қазірдің өзінде жаңа көшеттер дайындап жатыр. Бағбанның айтуынша, жаңа бастама көршілер тарапынан бірден қолдау тауып кете қоймапты. Деседе тынымсыз еңбек пен маңдай тердің нәтижесін көрген көпшілік, бүгінде Қараман Төленовқа алғысын білдіріп, оның бұл ісі өзгелер үшін үлгі боларлық әрекет екенін айтады.

Қараман Төленов, Арыс қаласының тұрғыны: «Кейбіреулер бұл ағаштар ыстық Арыста өспейді, отырғызудың қажеті деп айтқан еді. Ал бір жылдан кейін нәтижесін көрген олар бірден көмекке келді. Біз алғашында бақшаны суару үшін алдымен шелекпен су таситын еді, ал қазір құдық қазып, сорғы орнаттық. Бұл өте ыңғайлы».

Бұл жер бір кездері үлкен қоқыс үйіндісі болған дегенге қазір сену қиын. Тіпті ұзақ қашықтықтың өзінен жағысмыз иісі сезіліп, тыныстауға мүмкіндік бермейтін дейді тұрғындар. Бүгінгі кейіпкеріміздің бастамасымен алаңды қоқыстан тазартқан көпшілік, ағаш отырғызғаннан кейін ғана бұл маңның жасыл желекке айналғанын жеткізді.

Болат Шынасиев, Арыс қаласының тұрғыны: «Қараманды мақтамаймын, мақтанамын. Тамаша жұмыс жасады. Тіпті ауа тазарып, жасыл желекке айналды».

Нұритдинбек Исаев, Арыс қаласының тұрғыны: «Былтырдан бері көгалдандыруды жиілетіп жатырмыз. Тіпті кіре берістегі дендросаябақты көрген боларсыздар, барлық жерде ағаш, жасыл желек. Әр сенбі сайын бұл маңды тазалап, сенбілік жұмысын жасаймыз».

Ағаштарға қазір балалар да, қарттар да күтім жасап жатыр. Ал, жергілікті атқамінерлер бағбан Қараман Төленовке «Құрметті азамат» сыйлығын табыстады. Айта кетейік, кейіпкеріміздің негізгі мамандығы мал дәрігері. Жұмыстан босаған сәтінде бау-бақшаны күтіп баптаумен айналысады.

Аида Қарсыбайқызы