Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты аудандық басқармалар тарапынан энергетикалық сусындардың құрамын зерттеуге мониторинг жүргізілді. «Flash up Energy» және «Monster Energy» алкогольсіз, энергетикалық сусындары зертханалық зерттеуге алынып, нәтижесінде «Monster Energy» сусынының құрамынан адам денсаулығына қауіпті консервант-натрий бензоатының (Е211) мөлшерден тыс қосылғандығы анықталды. Кеден одағының «Тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер қауіпсіздігінің талаптары және технологиялық қосалқы құралдар» 029/2012 техникалық регламенті талаптарына сәйкес, рұқсат етілген норма мөлшері 150 мг/л аспауы тиіс. Алайда сараптамаға алынған сусындардың ішінде өндіруші компаниясы «Refresco Benelux B.V» болып табылатын, өндірілген мерзімдері 11.2021ж — 11.2023ж, 03.2022 ж — 03.2024 ж, 02.2022 ж-02.2024 ж аралығындағы «Monster Energy»-дің құрамынан натрий бензоаты 165-173 мг/л мөлшерде қосылғандығы белгілі болды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары тарапынан дүкен иелеріне аталған сусынның жоғарыдағы партияларын сауда сөрелерінен алып тастау жөнінде ұйғарым берілді. Қазіргі таңда сол өнім партияларын дүкенге жеткізіп берушілер анықталу үстінде. Натрий бензоаты (Е211 қоспасы) — консервант қасиетіне ие, дәмі мен иісі жоқ ақ ұнтақ. Консервант өнімнің сақтау мерзімін ұзарту үшін қолданылады. Мөлшерден тыс қолданылса адам ағзасына өте зиянды, псевдо-аллергиялық реакциялар тудырады. Сондай-ақ, ферменттердің түзілуін және майлардың бөлінуін бұзады, қартаю процесін тездетеді, бауыр циррозы, паркинсон ауруы, бүйрек жеткіліксіздігі, нейродегенеративті ауруларға соқтыруы әбден мүмкін. Балаларға құрамында Е211 консервантымен өнімдерді қолдану мүлдем ұсынылмайды, өйткені ол зейіннің төмендеуіне, назардың жетіспеушілігіне, гиперактивтіліктің, зияткерлік қабілеттердің төмендеуіне әкеледі. Тұтынушыларға денсаулыққа керіс әсер беретін өнімдерді пайдаланбауды ұсынамыз.