Шымкентте Абай ауданына қарасты «Ынтымақ» шағынауданының тұрғындары бірнеше көшеге асфальт салып беруін талап етіп отыр. Аймақта өткен жылы тек 3 көшенің құрылысы басталып, оның екеуі ғана соңына жеткен. Ал біреуінің жұмысы орта жолда тоқтап қалған.
Ырысты Ералина «Ынтымақ» шағынауданына қарасты Ақжұлдыз көшесінде 18 жылдан бері тұрады. Ол осы уақыт аралығында жол мәселесінің шешімін таппай келе жатқанын айтады. «Жаңбыр жауғанда жүру тіпті мүмкін емес» деген қария наурыз айындағы жауын-шашын уақытында жолдағы лайға тайып жығылып, екі аяғының тобығын бірдей шығарып алыпты.
Ырысты Ералина, Шымкент қаласының тұрғыны: «7 көшенің 2 ақ көшесіне асфальт түсті де, қалған 5 көшеде асфальт жоқ. Ал енді сол асфальт болмағаннан кейін, мына сұрініп екі аяғымның тобығы шығып отырысымыз мынау. Қазір енді мынау жолдан қорқамын, такси жалдаймын. Таксимен барамыз, таксимен келеміз. Амал жоқ енді дәрігерге барасың, анда барасың мында барасың. Қыста тіпті жүре алмайсың, машиналар әйтеуір жүреді. Аяқ киімнен аяқ киім қалмайды».
Ауа-райы жаңбырлы күндері балалар тіпті сабаққа бара алмайды дейді тұрғындар. Олар жер балшыққа айналғанда жүру тіпті мүмкін емес, ал жұмысқа аяққа полиэтилен қалта орап лаждайтынын айтады. Ал күн ыстықта шаңнан үйдің терезесін ашу тіптен мүмкін емес көрінеді.
Қазмұрат Тұрғынов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Байланысқанда жазатынына бәріне жазылған қайран жоқ. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар ғой қалай не болып жатқанын. Оларға сеніп, қарамай жүрсек болмайды тағы. Өзіміз ақша шығарып қайтадан істеп жатырмыз, жолды тегістеп жатырмыз. Автобус жоқ, автобусқа 4- 5 км жаяу жүріп бару керексің. Жауында шыға алмайсың. Кеше лай бәрі. Асфальт төсеп , автобустар жүргізсін, қариялар бар мына жерде лайда жүру қиын».
Анапия Сұлтанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «15 жылдан бері тұрамын, шүкір. Бірақ осы асфальт келген жоқ әлі. Жарық мәселесін айтпай ақ қойсаң да болады. Өте қиналып жатыр. Ертерек асфальт жатқызсын».
Ал мәселеге жауапты автомобиль жолдары басқармасының басшысы 2021-2025 жылға арналған жоспар шеңберінде 6 көше жөнделеді дейді. Ержан Жолдасов өткен жылы 3 көшенің құрылысы басталып, тек екеуі аяғына дейін жеткенін айтады. Ал қалған біреуі мердігер компанияның өз жұмысын дұрыс атқармау себебінен аяқсыз қалыпты.
Ержан Жолдасов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Жаңа тілек көшесі қазіргі мердігер егерде сот шешімі шыққаннан кейін жаңағы қара тізімге енгізетін болса жағдайда біз оны қайтадан конкурс арқылы жаңадан шығарамыз. Биыл аяқтап береміз бұл көшені бұл ешқандай өз сметасы бар, бәрі көрсетілген. Ал енді, Бойжусан, Темірші үш көшеге оларды 2023 жылы келесі жылы тұр. Сондықтан бұл жерде осы елді мекендерде Ынтымақ. Ынтымақ-2 жалпы Абай ауданындағы жұмыстар созылып жатыр».
Тұрғындар елдімекендегі проблема тек жолмен шектелмейді дейді. Мәселен, уақытылы келмейтін жалғыз ғана автобус, аялдама, қысымы төмен су және үп еткен желге сөніп қалатын жарықтың жайы тағы бар.
Назира Учиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тек жол ғана емес, тағы бір мәселе бар, ол -көшені жарықтандыру. Қыста 6-дан кейін көшеде жүру мүмкін емес. Ал балалар сабақтан, үлкен кісілер жұмыстан қайтуы керек. Ал көше ойқы-шойқы болғаннан кейін қарт кісілер түнде тіпті жүре алмайды. Одан кейін соңғы уақытта судың да қысымы өте төмендеп кетті. Кейде кешкі уақытта мүлдем болмайды. Біз дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз ғой, мұны қалай түсінеміз?!».
«Дамыған заманда жағдайымыз осындай» деген тұрғындар проблеманы айтып аудан әкімдігіне де, қала әкімдігіне де барған көрінеді. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешімін таппады деп күйініп отыр.
Басқарма басшысының келесі жылы асфальт төсеу мәселесі толығымен шешіледі деген жауабына тұрғындар қанағаттанып отырған жоқ, әрине. Дегенмен, егер қала әкімі берген уәдесін орындаса, бұл іс шешімін табар деген үміт те жоқ емес дейді.
Гүлдана Дәурен