Адырбеков көшесінің бір бөлігі мен Д.Қонаев даңғылының жалғасы ашылды

85

Шымкентте екі көше көлік қозғалысына ашылды. Біріншісі – бірнеше жыл бойы билік өкілдері мен мердігер тарап арасындағы дауға байланысты жөндеу жұмысы аяқталмай келген Адырбеков көшесі. Аталған көшенің Жібек жолынан Ғ. Ілияев көшесіне дейінгі аралығы ашылды. Сондай-ақ, бүгін Д.Қонаев даңғылының жалғасы да пайдалануға берілді.

Адырбеков көшесінің бір бөлігі көлік қозғалысы үшін ашылды. Енді автомобиль жүргізушілері Жібек жолынан Ғ. Иляев көшесіне дейін жүре алады. Қазірдің өзінде асфальттің екі қабаты төселген. Ал шұңқырлардың алдын алу үшін келесі жылы тағы бір қабат асфальт төселеді. Бүгін мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов атқарылған жұмыс барысымен танысты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінгі күні 600 метрін жасадық. Бірақ, бұл жол уақытша беріліп жатыр. Мұның соңғысы ұзындығы бәрі аяқталған кезде, үшінші қабатын төсеп шығамыз. Бұл жолды әлі толық қабылдап алған жоқ. Бүгінгі күні екі қабатын төсеп, талаптарына сәйкес бәрін өтіп шықты. Үшіншісін енді қабылдаймыз».

Жоба бойынша мұнда 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тротуар, жарықшамдар көзделген. Ал көшені қайта құру жұмысын 2023 жылы толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, бүгіннен бастап, шымкенттік жүргізушілер үшін Д.Қонаев даңғылының жалғасы да ашылды.

Ержан Жолдасов,  Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қазіргі уақытта біз Қонаев даңғылының үшінші кезеңінде тұрмыз. Бүгін міне қазір аяқталды. Бұл негізі 2020 жылдың қазан айында басталған болатын. Мынау өзінің мерзімінен бітіп жатыр. Бүгінгі күнде қазір береміз. Бұның ұзындығы 580 метрді құрайды. Жалпы біздің Д. Қонаев даңғылы 6 этаппен жоспарлағанбыз.  Үшінші участок Терешковадан Дамбаға дейін қазір аяқталып отыр. Дамбаның көпірі 2 жыл бұрын аяқталған. Сәуле шағынауданының ішінен жүретін 5-ші участок бар, бұл жерде қарқыныды жұмыс жүргізіліп жатыр».

Д. Қонаев даңғылы құрылысының үшінші кезеңінде ұзындығы 561,2 метр, ені 42 метрді құрайтын жол салынады. Жалпы жобаның үшінші кезеңі 2020 жылы басталып, теміржол мен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынған.

Сонымен қатар, жол жиегіндегі инженерлік жүйелер де ауыстырылады деп жоспарланып отыр. Ал құрылыс жұмысының сапасын бақылау мақсатында тұрақты түрде техникалық қадағалау эксперттері бекітіліпті.

Гүлдана Дәурен