«Кездесуге тек мақтайтындарды шақырдыңыз ба?». Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуінде аудан әкіміне осындай сұрақ қойды. Өйткені, бұл жолғы есеп беру жиыны өзгелерден ерекше өтті. Әдетте, микрофонға таласып, әкімге сұрақ қоюға асығатын халық бұл жолы салмақтылық танытты. 350-ден аса тұрғын жиналған кездесуде қала басшысына небәрі 9 сауал жолданды.
«Алғыс жауған күн». Бүгінгі Шымкент әкімінің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесу жиынын осылай атауға болады. Сұрақ-жауап кезеңі басталған сәттен бастап аудан халқы шенеуніктерді мақтай жөнелді. Әдетте атқарып жатқан жұмыстың өзін сынға алатын жұрт, бүгін мегаполистің атқамінерлеріне ерекше рақмет айтты.
«Жұмыстарыңызды көріп жатырмыз. Сіздерге көп рақмет. Осылай халыққа жақын болып жұмыс істей беріңіздер. Мың рақмет».,-дейді тұрғындар.
Мақтап, алғыс айтқандар арасында, мәселесін даулап келгендер де табылды. Мәселен, Темір жол вокзалында кәсібін дөңгелетіп жүрген Жұпар Қойбақова «бізді нанымыздан айырмаңыздар» деген өтініш айтты. Сөзінше, вокзал бұзылады деген қауесетті естігелі елде уайым күшейген.
Жұпар Қойбақова, тұрғын: «4 адамның 30 жылға дейін договорлары бар. Қалғандарымыздыкә бітті. Соны бас жоспарға кіргізіп, өз қаражатымыздан сол дүңгіршектерді туралап, әдемілеп істеп едік. Енді соны қайтадан бізге қайта-қайта келіп, бұзамыз деп, алып тастаймыз деп жатыр. Бәрі уайымдап жатыр».
Қала әкімі 100 шақты кәсіпкердің бас ауруына айналған бұл мәселенің бірнеше рет көтерілгенін айтты. Әрі Мұрат Әйтенов кәсіп иелеріне уайымдаудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бас жоспарда оның іші ұлғаяды. Сонда сіздер ішіне көшесіздер. Ол жерде арнайы, заманауи, ыңғайлы орындар болады. Сол жерге сіздерге ұсыныс береміз. Ал алдындағы жердің бәрін біз сносқа жіберіп, ұлғайтып автобус тұратындай етеміз».
Жалпы саны 350 адам жиналған есеп беруде бар-жоғы 9 ғана сұрақ қойылды. Ал күні кеше өткен Абай аудан тұрғындарымен кездесуде 350-ден аса адам мәселесін көтерген еді. Тіпті тұрғындар микрофонға таласқан болатын. Ал бүгінгі жиын салмақты өтті.
«Әл-Фараби ауданы өте жоғары интелектуалды, мәдениеті жоғары халық тұрады. Бүгінгі жиналыс өте сабырлы, салмақты өтіп жатыр»,-дейді ақсақал
Мұны мегаполис басшысы да байқады. Ол тіпті аудан әкімінен “тек мақтайтындарды шақырдыңыз ба?” деп сұрап та үлгерді.
Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Әл-Фараби ауданының өзінде ең жоғарғы көрсеткіш, рекордтық көрсеткіш 50 аулада абаттандыру жүріп жатыр. 9 спорттық алаң салынды. Сонымен қатар, мына 30 көшеге асфальт түсіп жатыр. Енді барлығы өз еркімен келген тұрғындар. Соған алғысын білдіріп жатқан болу керек. Ал осы 2023 жылы біз инрақұрылым бойынша жарық, су, газ Әл-Фараби ауданында 100 пайыз қамтылатын болады».
Аудан әкімі халық қатысатын бюджет жобасы бойынша да жұмыс қарқынды жүріп жатыр дейді. Яғни, ойын алаңшасын салып беруді сұраған халық онлайн форматта өз аулаларына дауыс беру арқылы, жеңіп шығуына болады.
Мөлдір Ибадуллаева