Атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаржыны жымқырғандар сотталды

57
фото ainews.kz

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаржыны талан-таражға салғандар сотталды. Арыс қаласында әлеуметтік көмекке берілген қаржыны жымқырды деген айыппен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің алты қызметкеріне сот үкімі шықты.

Айыпталушылардың қатарында бөлім басшысы да бар. Сондай-ақ, облыстық сот мәліметіне сүйенсек, сотталғандарға пандемия кезінде төтенше жағдай мен шектеу шараларына байланысты азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке бөлінген қаражатты да жымқырды деген айып тағылған.

Арыс қаласында атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген 120 млн. теңгені жымқырған шенеуніктер сотталды. Аталған іс бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері айыпталып отыр. Олардың қатарында, бөлім басшысы, оның орынбасары, көмек секторының бас маманы, бас маман-есепші және оның екі көмекшісі бар.

Олар 120 млн-нан астам теңге қаржыдан бөлек, пандемия уақытында төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезінде азық-түлік, тұрмыстық қажеттілікке бөлінген қаржыдан 29 азаматқа жалпы сомасы 2 900 400 теңгені заңсыз аударып, сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған.

Түркістан облысы Арыс аудандық сотының баспасөз қызметі: «Көбіне өздерінің туыстары мен таныстарынан тұратын Арыс қаласының 138 азаматына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмағына қарамастан немесе тағайындалған сомадан артық сомаларды негізсіз, заңсыз аударып, жалпы сомасы 120 593 288 теңгені және 2020 жылы пандемия уақытында төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезінде азық-түлік, тұрмыстық қажеттілікке бөлінген қаржыдан 29 азаматқа жалпы сомасы 2 900 400 негізсіз, заңсыз аударып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салып, иемденіп, мемлекетке жалпы сомасы 123 493 688 теңге материалдық залал келтірген».

Сот үкіміне сәйкес бөлім басшысы мен оның орынбасары Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «Аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Және аталған азаматтарға өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек етуге тыйым салынды. Сондай-ақ, бөлімнің бас маманы үш бап бойынша кінәлі деп танылды. Ал есепшінің көмекшісі 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 28-бабы 5-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 2,4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Түркістан облысы Арыс аудандық сотының баспасөз қызметі: «Сонымен бірге, іс бойынша азаматтық талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушылардан мемлекет пайдасына ортақ тәртіппен жалпы сомасы 113 788 348 теңге (қалған сомалар төленіп қайтарылған) келтірілген залал мен осының 3 пайызы көлемінде мемлекеттік баж өндірілді».

Бірақ, есепшінің көмекшісі қызметін атқарған сотталушы Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни жүкті немесе жас балалары болуына байланысты жазасын тек 5 жылдан кейін өтейді. Ал оған дейін пробациялық есепте тұрады. Сонымен қатар, есепшінің тағы бір көмекшісі мен бөлімнің көмек секторының бас маманы да Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оның біріне 7, біреуіне 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Олар да жазасын бес жылдан кейін өтейді.

Ал жұмыспен қамту бөлімінің басшысы, орынбасары және есепші жазаларын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Гүлдана Дәурен