Кітап оқып, мал тауып жүр: Ордабасылық оқушы қозы ұтып алды

1028

Кітап оқып, қозы ұтып алды. Түркістан облысы, Ордабасы ауданында осындай ерекше шара өтіп жатыр. Жобаның басты мақсаты — қозы беру арқылы оқушыларды кітап оқуға ынталандыру дейді ұйымдастырушылар. Алғашында үйіне қозы сүйретіп келген балаларды, ата-аналары түсінбей қалыпты. Кейін білімге құштар ұл-қыздарын өзара «мал табар» деп атап кетіпті.

10 жастағы ордабасылық Алихан Шекербек кітап оқу арқылы қозы ұтып алды. Ол 4 сынып кезінен оқуға жақын болдым дейді. Тіпті, қазір демалыс болса да, күніне бір рет кітап оқуды әдетке айналдырып алған. Соның арқасында ойын баласы болса да бар-жоғы жарты сағат ішінде кітап оқып, түсінгін айтып беру арқылы үйіне қозысын сүйреп келіпті. Қазір 6-шы сынып оқушысы өзінің ұтып алған қозысын суарып, шөбін беріп жүр.

Әлихан Шекербек, оқушы: «Сен кітап оқысаң біз саған сыйлыққа қозы береміз деді.  Басында сенген жоқпын. Сөйтіп кітап оқығаннан кейін берді қозы. Қозыны бағып, дәу болған соң сойып қуырдақ істейміз».

Кітап оқыған балаға, қозы беру шарасын ауыл округінің әкімідігі бастаған. Бұл идеяға аудан басшысының «ерекше бағытта жұмыс істеңдер» деп қойған талабы түрткі болыпты. Содан балалардың үш ай демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында осы жоба қолға алынған. Ауыл тұрғындары да бұл бастамаға бірден қолдау білдіріп, жағдайы жеткендер бір қозыдан беріп жатыр екен.

Серғали Құрымбеков, Бөржар ауыл округінің әкімі: «Кітапханаға ең көп келіп жүрген оқушылар жаңағы үш оқушыны алып кітаптар оқып, түсініктерін айтып беріп соларға жаңағы сыйлық ретінде қозы бердік. Олардың әке-шешелері түсінбей кейін звандап жатқаны болды. Балам үйге қозы жетектеп келіпті. Бұны сіз берді деп айтып жатыр. Не үшін берілді деп сұрағандары болды».

Қозы да оңайлықпен беріле қоймайды дейді жауаптылар. Оқушы бір кітапты оқып, оның түсінігін бірнеше адамнан құралған топқа айтып беруі керек екен. Алайда, осы шара қолға алынып, алғашқы жеңімпаздары анықталғаннан бастап ауылда кітап оқитын балалар саны едәуір артыпты.

Әлия Қайтбекова, кітапхана қызметкері: «Осы шара басталғалы биылғы балалар жылы болғандықтан оқырмандар саны күрт арта бастады. Соның ішінде 500 оқырман болса, 300-і балалар болды. Осы жылда балаларға 1500 кітап тарттық».

Жаздың алғашқы айы маусымда ауылдағы 3 бала кітап оқып, қозы алды. Ал енді осы айда демалысын ұялы телефонға телміріп босқа өткізбеген тағы 5 оқушы да қозылы болады. Жалпы, шара үш айға жалғаспақ. Ал ауыл халқы кітап оқып мал тауып жүрген балаларды қолдайтын осындай жұмыстар көптеп ұйымдастырылса дейді.

Мөлдір Ибадуллаева