Жыл басынан бері Қазақстанда тіркелген коронавирус жағдайларының 80 пайызы «омикрон-стелс» түріне жатады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Сондай-ақ ол соңғы кездері елде эпид жағдай қайта ушыға бастағанын жеткізді.
«Шымкентте короновирус індеті қайта бас көтеруде». Осылай деген мамандар соңғы тәулікте мегаполис бойынша 8 адам вирус жұқтырғанын мәлімдеді. Оның біреуі 18-жасқа толмаған бала. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мұның себебін ревакцинация күшінің төмендеп жатқанымен байланыстырды.
Жанаргүл Жақсылықова, Шымкент қалалық СЭБД эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы:
» Енді осы уақыт өте келе вакцинаның әсері әлсірей бастайды ғой. Мысалы біз жыл сайын, тұмауға қарсы вакцина аламыз. Өйткені оның әсері бір жылға ғана жарайды. Сол сияқты короновирус та ауа арқылы жұғатын жұқпалы ауррулардың бірі болғаннан кейін бұған да ревакцинация жұмыстары жүргізілуі керек».
Мамандар аурудан сақтану үшін әр адам жеке бас гигиенасын ұстануы қажет дейді. Сондай-ақ медицина мекемелерінде бетперде тағып жүру керек екенін жеткізді. Өйткен қазіргі таңда ауруды ушықтырып алмау маңызды.
Гүлмира Әлімбаева, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы:
«Егер сіз де әлсіздік пайда болып, басыңыз ауырса, дене қызуыңыз 37,5-тен жоғары болып жатса міндетті түрде медицина қызметкеріне, тұрғылықты мекен жайыңыз-бойынша дәрігеріңізге немесе жедел-жәрдәм шақырып қаралуларыңызды сұранамыз. Өз беттеріңізше емделуге рұқсат жоқ. Өйткені, ол арқылы симтомды басып қойып, одан кейін дәрігерлер емдегенде дұрыс емделмеуі мүмкін».
Мамандар елдегі эпид ахуалдың нашарлап жатқанын бірнеше күннен бері айтып келеді. Ал Шымкенттіктер бұл ақпараттан қаншалықты хабардар? Тұрғындар бүгінде аурудан қалай сақтанып жүр?
«Мұндай ақпаратты әлеуметтік желіден естідік. Бірақ, әзірге нақты көзімізбен көрмеген соң білмейміз ғой. Дегенмен, барынша сақтық сараларын сақтап жүрміз»,-дейді тұрғындар.
2020 жылы бүкіл дүниежүзінде қауіпті індетке байланысты пандемия жарияланған еді. Ал, өткен жылғы шілдеде ковид жұқтырғандар саны күрт көбейген болатын. Сондықтан, мамандар барынша сақтық танытып, халықты ревакцинация жасатуға шақырды.
Мөлдір Ибадуллаева