Мәжіліс депутаты шымкенттіктермен кездесті

44

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғани Ташқараев Шымкентке келіп, Ақжар ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында халық арасында өзекті бірнеше мәселе көтерілді. Бірі жұртты мезі еткен қоқыс палигоны жайлы, ал енді бірі үш ауысыммен 1500 бала білім алып жүрген мектептің жайын қозғады. Ал мәжілісмен аталған проблемаларды қалай шешеді?

«Шымкенттіктердің қоқысына тұншығып отырмыз». Осылай деген Ақжар ауылының тұрғындары қоқыс алаңынан мезі болғанын айтты. Сөздерінше, бүкіл аумақты қаптаған иіс салдарынан жергілікті халық бірінен соң бірі ауырып жатады екен.

Сапар Төлегенов, Ақжар ауылының тұрғыны: «6 мыңнан аса халықты тікелей айтқанда тұншықтырып жатыр. Біз бұған ешқандай жол таппадық. Біздің Ақжарда екі есе короновирус. Қаряилар бар, жастар бар. Оның бәрінің денсаулығына зиян келіп жатыр».

Бұл жағдайдан Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов та хабардар болып шықты. Ол қоқыс алаңының жиі өртенетінін жоққа шығармады. Алайда қолымыздан бар келгені осы дейді шенеунік.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Жақында өртенді. Шамамыз келмегеннен кейін төтенше жағдайлардың техникасын шақырдық. Қазір енді кезекшілік қойып басында қарап отырмыз енді».

Жергілікті биліктен күдер үзген халық Мәжіліс депутатынан көмек сұрады. Өйткені, жауапты компанияға қанша айыппұл салынса да, шегінер емес. Ал Ғани Ташқараев «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 6 қалада қоқыс өңдеу зауыты соғылатын жеткізді. Ал оған дейін не істейміз деген халыққа мәжілісмен былай жауап берді.

Ғани Ташқараев, ҚР Мәжіліс депутаты: «Онда ол полигонды алып басқа біреуге беру керек өртемей қарап жүретін. Ол өзі өшіру керек оны. Ол жанбау керек. Техникалардың бәрі бар оларда».

Мәжіліс депутатының халықпен кездесу жинынында тағы бірқатар мәселелер көтерілді. Оның бірі іргесі 1984 жылы 630 балаға арнап қаланған мектептің жайы. Білім ордасының мұғалімдері, қазір балалар үш ауысыммен оқуға мәжбүр екенін айтты. Сондай-ақ қосымша корпус салуды талап еткен азаматтар, балалардың болашағына бей-жай қарамауды сұрады.

Әлия Сәрсенбаева, №122 ЖОББМ-нің мұғалімі: «Қазір холдың бәрін уақытша сынып істеп қойды. Балаларға мүлде қиын болып жатыр. Мына жанынан бастауыш мектеп салынады деп айтылғалы неше жыл болды. Сол салынса, ең болмаса бастауыштар сол жаққа кететін еді. Бізде жоғары сыныптың өзіне класс жетіспей жатыр».

Депутат бұл мәселені қала әкімі мен білім басқармасына жеткізіп, тиісті деңгейде шешеміз деп сендірді. Ал, балалармызға спорт алаңшасын салып беріңіздер деген тұрғындарға Абай ауданы әкімінің де айтары болды.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Спорт алаңшасын салуға жер жоқ. Барлығын өздеріңіз жекешелендіріп алғансыздар. Енді қазір біз тағы да қосымша салайық, есіктеріңіздің алдынан көшеден жер бересіздер ме?».

Қызыл сызықтан өтіп кеткен жұрт жерді мемлекетке қайтарып береміз деп отыр. Тек, мұны қадағалайтын мамандар қажет екенін айтады. Сонымен, халық «жер болса спорт алаңшасын салып береміз» деген әкімдікпен ортақ келісімге келгендей болды.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева