«Негізсіз айыппұл арқалап отырмыз»: Шымкенттік көлік иелері шағым айтты

97

Телеарнамыздың редакциясына шымкенттік көлік жүргізушілері заңсыз айыппұл салынып жатыр деген шағыммен келді. Олар көліктің жылдамдығын шектен асырмағанын айтады. Алайда жол бойындағы бейнекамералар заң бұзушылықты тіркеп, нәтижесінде айыппұл төлеу туралы хабарлама жіберген.

Барлығы бір хаттан басталған. Қала тұрғыны өзіне негізсіз айыппұл салынғанын айтып мәслихат депутатына шағымданған. Көлік жүргізушісі жолдағы жылдамдықты шектеу белгісі сағатына 60 км-ді көрсетіп тұрғанын айтады, бірақ камералар құқық бұзушылықты сағатына 55 км жылдамдықпен жүріп бара жатқанда түсіріп алған.

Осы жайттан кейін мәслихат депутаты Әйгерім Жұмақұлованың бастамасымен редакцияға келіп түскен ондаған арыз-шағым назарға алынды. Мегаполис жүргізушілері келген хаттар мен дәлелді фото-видеоларын редакцияға жіберіп, айыппұлдың негізсіз екенін көрсетіп берді.

Асылкерім Қалдыбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «60 км деген шектеу белгісінен мен сағатына 55 немесе 52 шақырыммен жүріп өттім. Мен жылдамдықты 60-тан асырған емеспін. Жолда 60 деген белгі тұрды, ал антирадарым 40 км сағатына деп көрсетіп тұрды. Сондықтанда мен 55 км сағатына шамасында жүрдім. Бұл заңды ма? Мен сонда көрсетілген белгі бойынша жүріп, жол ережесін бұздым ба?».

Ал бұл құқық бұзушылық тіркеген жолдың бойы. Жылдамдықты шектеу белгісі жолдың бір жағында ғана орнатылған. Сондықтан да қарсы бетте келе жатқан жүргізушіге ол көрінбейді. Асылкерім Қалдыбаевтың айтуынша, дәл осы жерде камера оны түсіріп алып, айыппұл салған.

Асылкерім Қалдыбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен осы мәселе бойынша облыстық жол полициясына арыздандым. Маған тек полковник Сүлейменовке арыз жазып қалдыр деді. Менің түсінбейтінін олар неге бір біріне сіртей береді. Бұл мәселе шешілмейді ау деп қорқамын».

Айта кетейік, бұл проблема тек бір ғана көлік иесіне қатысты емес. Дәл осындай айыппұл арқалаған оншақты тұрғын да тіркелген құқық бұзушылыққа наразы. Ал Шымкент қаласының полицейлері айыппұлды төлеп үлгермегендердің қарызын кешіріп, төлегенген ақшаны иесіне қайтаруға дайын. Бірақ, бір шартпен ғана. Жіберілген хабарламалар сәуірдің жетісі мен тоғызы аралығында түскен болуы керек. Себебі тәртіп сақшыларының айтуынша Бұл күндері жүйеде ақау болған.

Мақсат Апентаев, Шымкент қаласы ПД-нің аға инсперторы: «Шағым бергендерге қатысты айтар болсам, оларға қызмет көрсететін компанияның аппараттарында мәселе пайда болған. Сондықтан, 7 сәуірден 9 сәуірге дейін жүйеде ақау орын алды. Осы мерзімде айыппұл алған әрбір адам арыз жазып, ақшасын қайтара алады немесе айыппұлдарды алып тастай алады».

Асылкерім Қалдыбаев та полиция талабы бойынша арыз жазады. Алайда оған не ақшасы қайтарылмаған, не айыппұлдар да есептен шығарылмаған. Осы жағдайға байланысты заңгер Евгений Яворский заңбұзушылыққа тап болған кез келген адам мәселесін шешу үшін құзырлы органдарға хат жазуы керек екенін айтады

Евгений Яворский, заңгер: «Егер аталған күндері техникалары жұмыс жасамағандығы туралы полиция өздері қателерін мойындап тұрса, онда сол күнге белгіленген барлық айыппұлды алып тастауы керек. Тұрғындардың келіп арызданып шулағанын күтпеуі тиіс. Полицияның жүйесінде ақау болса, сол үшін адамдар өздері барып, айыппұлдың негізсіз екенін дәлелдеуі әділетсіз».

Ал, «Отырар» телекомпаниясының редакциясына жол белгілерінің дұрыс қойылмауы мен заңсыз салынған айыппұл туралы арыз-шағымдар көлік иелерінен әлі де түсіп жатыр.

Әсел Мәлік