«Өз – өзіне оқ атқан»: Әскерде қайтыс болған офицердің туыстары жан-жақты тексеруді талап етіп отыр

146

Семейдегі әуе қорғанысы әскери бөлімінде қызмет атқарған офицер Бақытжан Әріпжанның денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның туыстары 41 жастағы рота командирінің орынбасары болған Бақытжан өз-өзіне қол жұмсады дегенге сенбейміз дейді. Туған жері Шымкентке қызметін ауыстырмақ болған бес баланың әкесі өмірге құштар еді дейді туыстары.

Әскери салада 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп, капитан дәрежесіне жеткен Бақытжан Құлыбекұлының туыстары оны суицид жасады дегенге сенбейді. Сөздерінше ер азамат өмірге ерекше құштар болған. Осыдан екі жыл бұрын Бақытжанның қызметі Түркістан облысынан Семейге ауысыпты. Бірақ, туған жеріне қайта ауысуға әрекет жасап, бұйрығын күтіп отырған еді дейді марқұмның туыстары.

Құлыбек Әріпжанов, Марқұм Б.Әріпжанның әкесі: «Бұл жерде бір топтардың өзара бір шешілмеген мәселелері бар. Ол бұл жақтан барған. Ол ана жақтағы топтарға кірмеген білуімізде. Өйткені ол ондай жұмыспен айналыспайды. Содан кірмеген соң, олар оны лажы болса шеттету керек болған, көзін құрту керек болған. Ол Шымкентке ауысу керек болған. Егер ол Шымкентке келсе құпиялары жария болып кете ме деп, көзін құртқан мәселе болып тұр. Мен солай ойлаймын».

Әмірхан Әбенов, Марқұм Б.Әріпжанның туысы: «Өзі өмірде белсенді жігіт еді. Жан-жақты дөңгелетіп, жұрттың бәріне жақсылығын жайып, күлімдеп жүретін. Ұрыссаң да күліп қоятын. Сондай жігіт еді. Ондай адамдар сирек қой».

Бақытжан Әріпжан қайтыс болардан бірер сағат бұрын қарындастарының бірімен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен екен. Үш жастағы қызына қайырлы таң тілеп, аман-саулықтан соң, әңгімені қысқа қайырыпты. Кейін хабарласармын деп тұтқаны қойғаннан соң, арада 2-3 сағат өткенде суыт хабар жеткен.

Ал қаралы хабар келмес бұрын Бақытжанның телефонынан әйеліне Жанар Хамитованың орындауындағы «Қоштаспайықшы» әні жіберіліпті. Туыстары бұған да күмәнмен қарап отыр. Ал әскери бөлімдегілер болса, Бақытжан Әріпжан кезекшіден тапанша алып, қару тазалайтын бөлмеде басына оқ атқан деді.

Айбол Өтегенұлы, «Семейдегі № 31767 әскери бөлімінің командирі: «Офицер бізде қаза тапты Аягөзде. Ол бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды. Және де қазір тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан сол тексеріс жүргізіліп жатқандықтан, қандай да бір артық ақпарат бере алмаймын».

Аягөз қаласынан жеткізілген мәйітке марқұмның туыстары бөлек сот-медициналық сараптамасының өткізілуін талап етіпті. 102 нөміріне қоңырау шалып, полицияға қойған талап-тілектің нәтижесінде Шымкентте де сараптама жасалған көрінеді.

Аталған жайт бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында марқұмның туыстары күмәнді жағдайлардың барлығын жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.

Гүлдана Дәурен