«Қателік кеткен»: ҰБТ мен емтиханнан өткен 700 оқушы грантқа құжат тапсыра алмай жүр

9

Шымкентте 700-ге жуық бала университетке құжат тапсыра алмай жүр. Бірнеше күннен бері әбден әбігерге түстік деген ата-аналары арнамыздан көмек сұрады.

Сөздерінше, шығармашылық емтихан қабылдаған М.Әуезов атындағы университет «бізде грант жоқ» деген уәж айтқан. Ал өзге оқу орындары, оқушы дәл сол білім ошағында емтихан тапсырмаған соң қабылдай алмаймыз дейді.

«Мына есіктен шықпайды. Қазақпыз ғой, ешкім-ешкімді ұрып кетпейді ғой шығып түсіндірсе»,-дейді ашынған ата-ана.

«Екі университет арасында сабылып жүрміз». Осылай деп шырылдаған аналар 5 күннен бері балаларын мемлекеттік грант конкурсына қатыстыра алмай әлек.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын таңдаған 700-ге жуық бала шығармашылық емтиханды М.Әуезов атындағы ОҚУ-де тапсырған. Бірақ, «бізде грант жоқ» дегенді алға тартқан білім ордасы құжаттарын өздеріне қайтарып берген көрінеді.

Ұлбосын Байтикова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүкіл емтиханын бітірдік, енді 13-20 шілде аралығында конкурсқа құжат тапсыруымыз керек еді. 13 -і өтіп кетті. Күнде хабарласамыз, күнде келеміз осының алдына. База ашылмайды. Бір апта осылай жүрдік. Бір-ақ күн қалды ғой. Ертең бізден көреді да, тоқтайды бәрі. Ертең мемлекет жапты болды деп отырады ғой».

Қайда барарын білмей дал болған ата-аналарды ОҚМПУ-не жіберіпті. Ал бұл мемлекеттік білім ордасы «бізде шығармашылық емтихан тапсырмаған абитуренттерді қабылдай алмаймыз» деп кесіп айтыпты.

Қалдықыз Ақбердиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Енді келіп қайтадан құжат тапсырып, тапсырайын десек қабылдамайды. Барлығымыздың құжатымызды қолымызға беріп, ОҚМПУ-ға тапсыр дейді. Ал оған барсақ бізді қабылдамай жатыр. Қай жаққа өткіздіңіздер сол жаққа барыңыздар деп жатыр».

Түсірілім барысында, ата-аналардың жанақайына құлақ түруге университет проректоры келді. Бірнеше күннен бері сұрағымызға жауап ала алмай отырмыз деп әбден зәрезап болған жұрт барлық мәселені жайып салды.

М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ербол Сармурзин мұнда техникалық қате кеткенін мойындады. Алайда ОҚМПУ-і 700 оқушыны қабылдауға міндетті екенін жеткізді.

Ербол Сармурзин, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры: «Басында бізге рұқсат берілді дене шынықтыруды қабылдай беріңдер деп. Біз сосын қабылдадық. Бірақ мемлекеттік грантқа универлердің тізімі шығады ғой, сол жерде біз жоқ болдық. Қай ЖОО қабылдайды, сол жерде ғана құжат тапсыра алады. Бірақ өкінішке орай біз грантпен оқыта алмаймыз. Тізімде жоқпыз. Бұл жерде техникалық қателік кетті».

ОҚУ проректоры мен ата-аналар жиналып педагогикалық университетке де барды. Біраздан бері ата-аналардың бас ауруына айналған мәселе осында шешімін тапқандай. ОҚМПУ проректорының айтуынша, мұнда да база істемей, техникалық қателік орын алған көрінеді. Бірақ маман, бәрі ретке келтіріліп, проблема шешіледі деп сендірді.

Айнаш Кудышева, ОҚМПУ-нің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:
«Барлығы орнына келді. Форс-мажор болды ғой. Қабыладймыз. Емтихандардың балдары барлығы сақталады. Сіздің құжаттарыңыз мына университетке өте береді. Қабылдаймыз өтінішіңізді грантқа деген».

Айта кететін жайт, қазір Шымкенттегі қос университеттен дене шынықтыру мамандығының грантына үміткер ретінде 1500-ге жуық бала құжат тапсырады. Ал мемлекет тарапынан аталған мамандыққа ел бойынша 250 адамға ғана тегін оқу мүмкіндігі қарастырылған. Сондықтан ата-аналар жоғары білім министрінен аталған мамандыққа қатысты грант санын көбейтуді де сұрап отыр.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева