Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесіндегі жолайырық құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жалпы нысанды қабылдау қазан айына жоспарланып отыр. Ал мердігер алдағы бес жыл бойы жолайрықтың сапасын қадағалап, ақаулар пайда болған жағдайда ретке келтіріп отырады. Қазір нысанда қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесі көлік қозғалысы үшін толық ашылған. Туннель 8 жолақтан тұрады. Ал жолайрықтан тәулігіне 140 мыңнан астам көлік өтеді. Мұнда автомобильдер легі түнде де азаймайды. Бірақ ең бастысы жүргізушілер кептелістің азайғанына қуанышты.
«Қазір жолайырықта ұзақ тұрмайсың, кептеліс азайған. Ең бастысы бұрынғыдай емес. Бірақ бұдан да жақсы болғанын қалаймыз. Әлі де тұрғындар шағымданып жатыр ғой. Соның барлығын ретке келтірсе деймін».
«Д. Қонаев жолайырығы ашылғанына қуаныштымын. Өйткені бұған дейін өте қатты кептеліс болған еді. Жұмысқа жету проблема болып кетті. Ал қазір бәрі жақсы. Енді жабылмаса болғаны», дейді қала тұрғындары.
Жолайырықта бұған дейін шұңқырлар пайда болған еді. Мамандардың айтуынша, қазір ақау реттеліп, мәселе шешілген. Алдағы уақытта жолды жауып, көлік қозғалысын тоқтату жоспарда жоқ. Ал егер кемшілік анықталса, мердігер компания оны өз есебінен ретке келтіруге міндетті.
Мадияр Баймбетов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары: «Жұмыс жүргізілуде, нысан шарт бойынша әлі біткен жоқ, бізде 5 жыл, егер бес жыл ішінде ескертулер болса немесе шықса, мердігер өз қаражатына жасайды».
Аталған жолайырықты салу үшін бюджеттен 7 млрд. 900 млн. теңге қаражат жұмсалды. Қазір асфальт төселіп қойған. Тек абаттандыру жұмыстары ғана қалды дейді жауаптылар. Ал жерасты жаяу жүргіншілер өткелінің 85 пайызы аяқталған.
«Мұнда жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде жұмыс жүргізілуде, нысан құны шамамен 400 миллион теңге. Әрлеу жұмыстары, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде және жоба бойынша камера болады. Жоспар бойынша субхимиканы қыркүйекте тапсырамыз. Біз камераларды Полиция департаментіне қосамыз», дейді мердігерлер.
Жерасты өткелі арнайы кафельмен қапталған. Түнде де тұрғындарға ыңғайлы болу үшін арнайы жарықшамдар орнатылған. Ал алдағы уақытта қабырғалары суретпен безендіріледі екен.
Айта кетейік, жолайрық ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Мөлдір Ибадуллаева