Сайрам ауданының шаруалары су жоқ екенін айтып шағымданды

52

Сайрам ауданының шаруалары шығынға баттық деп дабыл қағып отыр. Егін шаруашылығымен күн көріп отырған диқандардың егіс алқабы сусыз құрғап қалған. Оған себеп — ауданның су шаруашылығы бөлімі мен әкімдігі бекіткен жаңа кесте.

Шаруаларға су соңғы рет 6 сағатқа ғана беріліпті. Ал талап бойынша 5 күн суару керек болған. Дегенмен диқандар қазір судың ақысын бұрынғы есеп бойынша төлеп отыр. Шаруалар суды Түркістанға бұрып жібереді деп шағымданады, ал әкімдіктегілер болса, судың бұрынға қарағанда азайып кеткенін айтады.

 

Хикматулла Саидназаров биыл мұнда картоптың алғашқы салымын жинап алған. Ал екінші егіске баялдыр егіпті. Бірнеше тонна өнім шығарамын деп ниеттенген азамат бұл іске 650 мың теңге қаражат салған екен. Алайда, аптап ыстықта су жетпеген жас өскіннің көп бөлігі қазір әбден қурап қалған. Шаруа енді тіпті егіс алқабының қалған бөлігі де жеміс беруі екіталай деп күйініп отыр.

Хикматулла Саидназаров, диқан: «Болды ғой, бүгін ертең су берілмесе, өледі. Қазір қанша шығын келді? 60 процент түсім жоқ! Байылдыр міне жоқ сусыз құрғап бірен-саран ғана қалған, енді суармайтын болса банкрот. Бұған диқандар 600 мыңнан аса ақша салып қойған. Одан бөлек дәрі әкеліп дәрі салып қойған, мұның бәрі шығын. Бірдеңе десең Түркістанға айдау керек суды дейді, Ө.Шөкеевтың бұйрығы Түркістанға айдау керек дейді».

Сайрам ауданының шаруалары егіс алқаптарында қияр мен қызанақ, баялдыр және картоп-пияз секілді бірнеше өнім түрін өсіреді. Алайда, биыл жүздеген шаруа шығынға батуы мүмкін. Әбден алаңдаған диқандар бүгін Ақсу өзенінің суын басқа арнаға ауыстыруға арналған гидротехникалық құрылғы маңында жиналды. Сөздерінше, шаруалар бескүндік суару үшін ақша төлейді, бірақ тіршілік нәрі мүлдем уақытылы берілмейді екен.

Далабай Парпиев, диқан: «График құрып қойған, бірақ ол графикпен беріп жатқан жоқ. Азанда береді суды, бірақ түске жетпей өшіріп тастайды. Мына жаққа қазір 1,5 куб су ағып жатыр, ал бізде 1 куб су жоқ».

Диқандар 6 сағат ішінде үлкен алқапты суару мүмкін емес деп дабыл қағып отыр. Жергілікті билік суды бұған дейін Түркістан су қоймасына жіберіп келгенін мойындап отыр. Бірақ, өзендегі су деңгейі төмендеп кеткеннен кейін, ол жұмысты тоқтатыпты. Сөздерінше, таудан келетін судың азайып кетуінен мәселе осылай ушығып отыр.

Құттыбай Асрауов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран СУ» МКК директоры: «Бізде 53 канал бар. 53 каналға диқандар келісімшартқа отырған. Соған қарап су бөлеміз. 17-ші шілдеден бастап күн қатты ысығаннан кейін біздің таудағы  қарлар еріп, тауда қар таусылды. Ақсу-Жабағалыдан еріген қар бізге келеді. Басқа жерде источник жоқ».

Ал жаз айларының басында Ақсу өзеніне әр секунд сайын 13-14 текше метр су түссе, қазір ол көрсеткіш 9 текше метрге дейін азайып қалған. Сол себепті де жергілікті су шаруашылығы суару кестесін құрған. Жалпы ауданда суармалы 22 мың гектар жер бар көрінеді. Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, қазір оның шамамен 50 пайызына су жеткізу қиындаған.

Шухрат Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «Бірақ сол кесте дұрыс жасалмаған ба, су шаруашылығының мамандары тиімді пайдаланбаған ба соны анықтаймыз. Кішкене түсінбеушілік болып тұр. Оның бәрін бүгіннен бастап ретке келтіреміз».

«Ала жаздай еткен еңбегіміз еш кете ме?» деп қауіптенген шаруалардың шырылын тыңдаған жергілікті билік әзірше «мәселені жуық арада шешеміз» деген уәдемен шектеліп отыр. Айта кетейік, бұрындары Ақсу өзенінде судың деңгейі секундына 20 текше метр болған екен. Алайда, алдағы уақытта тіпті бұдан да төмендеуі мүмкін көрінеді.

Гүлдана Дәурен