Шымкент: Колледж студенттеріне 12 мың грант бөлінді

110

Шымкентте колледж студенттеріне 12 мың грант бөлінді. 9 және 11 сынып түлектері тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Білім беру квотасы педагогикалық, медициналық, техникалық және шығармашылық мамандықтары бойынша беріледі.

Шымкентте енді 12 мыңнан астам талапкер тегін техникалық және кәсіптік білім алады. Колледждерде педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға мемлекет тарапынан сұраныс көлемі артты. Аталған грантты иелену мүмкіндігіне 9 және11-сынып түлектері құқылы. Сондай-ақ, тегін оқу квотасы аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан талапкерлер үшін де қарастырылған.

 Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Шымкент қаласында 37 кәсіптік колледжер болатын болса, оның ішінде арнайы комиссия құрылды. Комиссияға ұсынған құжаттар қарала отырып, 23 колледжге мемлекеттік тапсырыс орнатылатын болды. 1052 грант педагогикалық бағытта, 717 грант мәдениет бағытында, 1143 грант медицина саласына, 9252 грант техникалық бағытта бөлініп отыр».

Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, түлектер арасында колледжде білім алуға ниет білдірушілер баршылық.  Өткен жылы 23 мыңнан астам талапкер студент атанса, биыл олардың саны 36 мыңға жетті. Мегаполистің бас ұстазы, бұл көрсеткіш оқу мерзімінің қысқаруымен байланысты дейді. Сондай-ақ, аталған  грантта білім алған түлектерге мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік болатынын да жеткізді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Жалпы грант бойынша тапсырыс беретін кәсіпорындар, талапкерлермен әңгімелесуден өтеді. Оң нәтиже алған студентпен үш жақты келісім шартқа отырып, ол студентті болашақта өздеріне бірден мамандыққа тартатын болады».

Талапкерлер грантқа өтініш беру үшін egov.kz сайтын пайдалана алады. Сондай-ақ, өтініш беру мерзімі 9-сынып түлектеріне 18 тамызға дейін, ал 11-сыныпты тәмәмдаған оқушылар үшін 20 тамызға дейін жалғасады.

Аида Қарсыбайқызы