Шымкент: Қала әкімі Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесті

42

Қала әкімі Мұрат Әйтенов кезекті рет Еңбекші ауданы тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Мегаполис басшысы жыл басынан бері тұрғын алап пен шағынаудандарды аралап, 84 кездесу өткізген еді.

Тұрғындардан жалпы саны 874 сауал мен ұсыныс түсіп, бүгінге дейін оның 374-і орындалды. Еңбекші ауданында жыл басынан бері қандай өзгеріс орын алғаны жөнінде, сондай-ақ тұрғындарды мазалаған сауалдар туралы бейнесюжетте…

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесті. Мегаполис басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Жалпы биыл Еңбекші ауданында 132 көше жөндеуден өтеді. Ал аудандағы сапалы жолмен қамту көрсеткіші 76 пайызға жетеді деп көзделіп отыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Жалпы даму жоспары бойынша қаланың жаңа құрылыс аумақтарында ауызсумен қамту мәселесі 2023 жылы 100 пайызға орындалады. Электр және газбен қамту 2025 жылы толық шешіледі. Мен әр кездесуде тұрғындарға түсіндіремін 100 пайыз деген бұл үйге су келеді деген сөз емес. Бұл елдімекенге, секторға ішкі ораммен үйдің алдына алып келетін мәселе. Ал үйге кіргізуді әр тұрғын өзі жасайды».

Жалпы Еңбекші ауданында 35 елдімекен ауызсумен қамтылған. Ал биыл 6 елдімекенде құрылыс жұмысы басталып, 2023 жылы сапалы тіршілік нәрі беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 59 пайызға жеткізу мақсатында 5 шағынауданда құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.

Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі: «Ауыз су бойынша 2017 жылы 150 млн теңге болса, биыл 1,7 млрд. теңге қаралып отыр. Электр жарығы 3 есеге, табиғи газ 6 есе, кәріз жүйесі 39 есеге артып отыр. 2017-де кәріз жүйесіне 106 млн. теңге қаралған болса, қазіргі таңда 3,9 млрд. теңге қаралып отыр».

Қала әкімінің баяндамасы аяқталған соң, кездесу әдеттегідей сұрақ-жауапқа ұласты. Тұрғындар мегаполис басшысына өздерін мазалаған мәселесін жеткізді.

Бүгінгі таңда, қала көлемінде ауыз сумен қамту мақсатында -8, кәріз жүйесі бойынша – 19, электрмен жабдықтау үшін – 16 және көгілдір отынмен қамту мақсатында 18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мәселелердің 130-дан астамы шешіліп отыр, қалғанын жылдың соңына дейін атқарамыз. 33 – тен аса мәселе 2023-25 жылдарға ұласады. Өзге де аудандарда кездесу жалғасады».

Жиын соңында шаһар басшысы тұрғындардың көтерген мәселесін назарға алатынын айтып, тиісті басқармаларға арнайы тапсырма берді.

Гүлдана Дәурен