Шымкентте 12 жасар қызды ерлігі үшін марапатқа ұсынды

80

Шымкентте 12 жасар қыз жанып жатқан үйден бауырларын құтқарып алып шықты. Оқиға Қайнарбұлақ саяжайында болған. Ата-анасы балаларды ұйықтатып, өздері сүт алу үшін көршілерінің үйіне кеткен. Алайда дәл сол сәтте, қысқа тұйықталу орын алып, үйден өрт шыққан. Қазір өрттен жапа шеккен отбасыға көмек қажет.

Қайнарбұлақ саяжайында жеке үйде өрт шықты. Төтенше жағдай орын алған кеште үш баланың ата-анасы сүт алу үшін көршілерінің үйіне кеткен. Алайда, арада бірнеше минут өтер-өтпестен оларға 12 жастағы қыздары хабарласып, үйден өрт шыққанын айтады. Қорқынышты хабарды естіген ата-ана алып-ұшып үйге жетіпті.

Анна Саворовская, Шымкент қаласының тұрғыны: Мұнда салқындатқыш ілулі тұрды, ал мына жерде кереует болған. Балалар төсекте жатты, мен теледидар көріп отырғанмын. Бір уақытта күйіктің иісі шыға бастады, терезе ашық тұрған, сол себбепті сырттан келген иіс деп ойладым».

Жасөспірім алғашында өртті өз бетімен сөндіруге тырысыпты. Бірақ от бөлменің қабырғасын жағалап, дүние-мүлікті де күлге айналдырған. Ал дәл сол сәтте бөлмеде 1 жастағы егіз бала ұйықтап жатқан. 12 жасар Анна ойланбастан, бауырларының бірін сыртқа алып шыққан екен. Қанша қорқынышты болса да, үйге қайта кіріп екінші інісін де көтіріп шығыпты. Жасөспірім «өз өмірім үшін емес, бауырларыма көбірек алаңдадым» дейді.

Анна Саворовская, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен бір баланы сыртқы есіктің алдына дейін алып шықтым да, еденге отырғызып кеттім. Сөйтіп, екіншісін алып шығуға ішке қайта кірдім. Түтін қоюлана бастаған еді. Содан кейін бауырларымды алып, сыртқа шығып отырдық».

Құтқарушылар келгенге дейін өртті сөндіруге көршілер көмектескен екен. Абырой болғанда, өрт газ баллоны орналасқан жуынатын бөлмеге жетіп үлгермепті. Әйтпегенде, үйдің күлі көкке ұшар еді дейді отанасы Мария Саворовская. Ал өрт қысқа тұйықталудың себебінен шыққан.

Мария Саворовская, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз үйге келген уақытта терезден шығып жатқан отты көрдім. Түтін емес, кәдімгі алаулаған өрт. Бірден шлангты қосып, өртті сөндіруге тырыстық, алайда судың қысымы жетпеді. Амалдап, қауыздан әкеліп тасыдық. Көршілеріміз көмектесті. Сол уақытта терезені ашуға тырысып, күйеумнің қолы жарақаттанды. Қазір жұбайым өз күшімен баспанамызды қалпына келтіруге тырысып жатыр. Осы тұста, бізге түрлі көмек көрсетіп жатқан жандарға алғысымды айтқым келеді».

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бауырларын құтқарған 12 жасар Аннаны марапатқа ұсынды. Қазір өрттен зардап шеккен жанұяға уақытша баспана беріліп, азық-түлікпен көмек көрсетілген. Үш баланың ата-анасы өртенген үйді қалпына келтіру үшін барын салып жатыр. Себебі баспанада болған барлық дерлік дүние-мүлік жанып кеткен.

Гүлдана Дәурен