Шымкентте кассир болып жұмыс істеп жүрген 15 жастағы қыз көз жұмды. Туыстарының айтуынша, жасөспірімді электр тогы соққан болуы мүмкін. Өйткені алғашында суыт хабар жеткізгендер осылай хабарласыпты.
Ал, қазір шикілік орын алып жатыр деген Ағару Құралбайдың отбасы арнамыздан көмек сұрады. Олар тергеудің әділ өтіп, кінәлілердің жазаланғанын талап етуде.
Енді 9 сыныпты аяқтап, аттестатын қолына алған Ағару Құралбайды отбасы жер қойнына тапсырды. Анасының айтуынша, перзенті фаст-фут дәмханасында жұмыс істеп жүріп, жазым болыпты. Небәрі 15 жастағы жасөспірім алғашында кассир болып кірген екен, бірақ кейіннен жұмыс берушілер еден жууға мәжбүрлеген көрінеді. Салдарынан «демалыста ақша жинап, анама көмектесемін» деп жүрген бір үйдің тұңғыш қызы көз жұмды.
Бибіғайша Құттыбаева, анасы: «Морг екен. «Мен кірейін, кірейін» деп айқайлап кірсем, аппақ матаға орап темірге жатқызған. Бетін ашты. Ерні кезеріп, бетінің бәрі қанталап жатыр. Барып құшақтадым. Мұздай боп жатыр. Беті жырылған, құлағының артына қан қатқан дейді. Тура басының мына жағы мынандай болып ісіп тұрды, гематома».
Оқыс оқиға 3 шілде күні Шымкенттегі ойын сауық орталықтарының біріндегі дәмханада орын алған. Алғашында туыстарын жасөспірімді тоқ соғып, қайтыс болды деп шақырған. Тіпті, жедел-жәрдемге де хабарлама осындай мәтінде түскен. Бірақ, қазір дәмхана ұжымы басқа себеп айтып жатқан көрінеді.
Жеңісхан Қалыбай, ағасы: «Жанымызға қатты батқан дүние ол бізге «тоққа түсті» деп емес, Ағару таңертең өзі жылап келіп, гориила ішті. Кейіннен аш қарынға ішкен соң мен қой дедім, ол қоймады. Жүрегі ауырады екен, содан өзі құлап қалды деп бірдеңені айтып отыр. Бір оғаш нәрсе, әр қайсынының сөздері бір-бірне сай келмейді. Сол жерде үшінші көрген тағы бір қыздан сұрасақ, ол айтады «иә тоққа түсті деп естідім, өйткені мен барып қарағанда басынан түтін шығып жатыр еді» дейді».
Қызымның жүрегінде ақау жоқ еді деген анасы ойын-сауық орталығының бір жасырғаны бар болуы мүмкін дейді. Өйткені, бұған дейін осы дәмханада жұмыс істеген 12 жастағы Ағарудың сіңлісін де «тоқ бар» деп ескерткен екен.
Айару Құралбай, сіңлісі: «Басында мені аспаздың көмекшісі боласың деді. Кейін еден жуып, шаң сүртесің деді. Кейін Юля маған Анау пицца пісіретіннің артқы жағында тоқ бар деп айтты. Абайлап жу деді».
Бибіғайша Құттыбаеваның айтуынша, фаст-фуд дәмханасының қожайындары тіпті көңіл айтуға да жарамапты. Қызымды жұмысқа алып, қолайлы жағдай жасай алмаған басшылар жазадан да құтылып кетеме деп қорқамын дейді. Себебі, қызымнан айырылғалы бері полиция департаментінен ешкім келіп жауап алмады дейді. Ал тергеу қызметінің мамандары барлық әрекетке құқықтық баға беріледі деп отыр.
Аянхан Омаров, Шымкент қаласы Қаратау АПБ тергеу бөлімінің бастығының орынбасары: «Қазіргі таңда бұл жайт бойынша Қаратау АПБ-мен ҚР ҚК 156 бабы, 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Яғни, еңбек қағидасын бұзу салдарынан адам өліміне алып келген оқиға бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған мекеменің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауіпсіздігіне сай , қауіпсіздік шараларын қаншалықты деңгейде қамтамасыз етті, қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды ма? Жоқ, жасалған жоқ па? Ол жағына әлі құқықтық баға берілетін болады».
Қазіргі фаст-фуд дәмханасы тергеу аяқталғанша есігі мөрленіп, уақытша жабылған. Ал оқиға орыналған ойын-сауық орталығы телеарнаның түсірілім жасауына қарсылық білдірді.
Қазіргі таңда кісі өлімне қатысты сот-мединицалық сараптама тағайындалған. Туыстарының қолында экспертизаның алғашқы қорытындысы бар. Онда үш себепте «тоққа түсіп қайтыс болған» делінсе, біреуінде «белгісіз» деп көрсетіліпті. Ал нақты сарапатама 20 күнде белгілі болады.
Мөлдір Ибадуллаева