Шымкентте жаңа туған баладан бастап аудиоскринингтен өткізеді

101

Балалардың ауруын ерте сатысында анықтау өте маңызды. Сондықтан да қалалық №6 емханада арнайы брифинг өткізілді. Балалар арасында профилактикалық скринингті 5 топқа бөліп өткізеді. Алғашқы топтарға дені сау балалар жатқызылса, 4-5 топтарда бұған дейін денсаулығында ауытқуы бар балаларды тексеріп, тіркеуге алып отырады. Қазіргі таңда есту қабілеті мен туа біткен патологиялық ауруларды ерте анықтау үшін балаларды аудиоскринингтен өткізіп жатыр.

Қала тұрғыны Нұргүл Беркімбай 6 жасар қызының есту қабілетін тексертуге алып келген. Себебі биыл оның баласы оқуға баратындықтан, қандай да бір патологиялық ауытқуларды алдын ала анықтап алу өте маңызды екенін айтады. Ал орталықтағы арнайы құрылғы балалардың есту қабілетінің қай деңгейде екенін көрсетіп береді.

Нұргүл Беркімбай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің 3 балам бар. Балаларым ауырғанда дәрігерлер мен медбикелер көмектеседі. Қазір қызымды аудиоскринингтен өткізіп шықтым. Медбике алдын ала хабарласып аудиоскринингтен өту керек екенін айтты. Біз сол бойынша келіп тұрмыз. Ешқандай баламда ауру болған жоқ, десе де тексерістен өтуді жөн көрдік».

Емханада жаңа туған сәбиден бастан 17 жасқа дейінгі барлық бала скринингтен өте алады. Оларды тексерудің 4 негізгі және міндетті түрінен өткізу қарастырылған. Сондай-ақ кәмелет жасқа толмағандар игілігіне қала бойынша 39 балаларды дамыту кабинеті жұмыс істейді.

Шолпан Самбетова, Қалалық №6 емхананың балаларды дамыту кабинетіне жауапты медбикесі: «Аудиоскрининг кабинетінде біз балалардың ерте жаста кереңдік патологияларын мақсатында өткізіледі. Біздің балалардың дамыту кабинетінде балалардың бір жасқа дейінгі, бір жастан кейінгі нерв-психикалық дамуын бақылаумыз. Және де түрлендірілген аутизмге арналған скринингті тесттен өткіземіз».

Балалардың толыққанда скринингтен өткізетін аппараттар 6 емханада ғана бар. Сондықтан қаладағы басқа емдеу мекемелеріндегі науқастар да осы жерге келеді. Ал сәбилердің есту не сөйлеу қабілеті бұзылған жағдайда оларды емдеуге арнайы мамандар тағайындалады.

Айгүл Қылышбаева, №6 емхананың бас дәрігері: «0-17 жас аралығындағы тексерістен өткізу керек балалардың бізге тиесілілер саны 28 161. Жыл басынан бері скринингтен өткендер саны 16 мың, бұл 65 пайызды құрады. Тексерістен кейін 4224 баладан қандай да ақау анықталды, ол 25 пайызды көрсетеді. Қазір ауруы анықталған балаларды тіркеп, емдеу шараларын жасап жатырмыз».

Биыл Шымкентте скринингтен өтуге тиісті балалар саны 76 039 болса, оның 64 мыңнан астамы тексеруден өтіп үлгерген. Бұл мегаполис балаларының 86 пайызын құрайды.

Әсел Мәлік