Шымкенттегі 67 балабақшадан заңбұзушылықтар анықталған

115

Балаларға балық пен тауық етін бермеген. Прокурорлар Шымкенттегі балабақшалардан заң бұзушылықтарды анықтады. Яғни, балаларға түскі ас өз мөлшерімен берілмей келген. Балалар негізінен тауық еті мен балықты, сондай-ақ соңғы уақытта бағасы қымбаттаған көкөністерді жемей жүрген. Сарапшылардың айтуынша, тамақтан үнемдейтін балабақшалар бар, ал кейбірінде шынында қаражат жетпеуі мүмкін.

Шымкенттегі бірқатар балабақшаның мәзірі тамақтану нормаларына сәйкес келмейді. Мұны қалалық прокуратура қызметкерлері анықтады. Балалардың тіпті құжат жүзінде де дұрыс тамақтанбайтыны белгілі болды. Ал олардың нақты не ішіп-жейтіні белгісіз. Мәзірді тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік және жекеменшік 67 балабақша — баланың дамуына қажетті кейбір өнімдерді «таба алмаған».

Нұркен Мұсаев, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық прокуратурасының прокуроры:
«Кейбір балабақшаларда тауық еті мүлдем ескерілмеген. Балық та есепке алынбаған. Бір мекемелерде балық немесе құс екі аптада бір рет беріліп келген, ал оны аптасына бір рет беру қажет. Сондай-ақ, кейбір балабақшаларда сүзбе мен жұмыртқа да болған жоқ. Ал кейбіреулерінде аптасына бір рет беру керек көкөніс салаттарын балаларға екі аптада бір беріп келген».

Олар үнемдей ме, әлде қаражат шынымен жетіспей ме? Бірнеше жыл бұрын барлық мектепке дейінгі мекемелер жан басына шаққандағы қаржыландыруға ауыстырылды. Сонымен қатар, әр қалада балалардың тамақтануына арналған қаржы да әртүрлі болып бекітілді. Қоғам белсендісі Зарина Көкжанованың сөзінше, азық-түлік бағасының қымбаттауы әсерінен кейбір кәсіпкерлерге қаржы расымен жетіспейді.

Зарина Көкжанова, қоғам белсендісі: «Жалпы балалардың 50% — ы семіздікке шалдыққан деген дерек бар. Ал мұның бәрі балабақшадан келеді. Яғни, бақшада бала дәмсіз тамақтанса, үйге келіп, кез келген тағам түрін тоқтаусыз жей бастайды».

Ет, балық, жұмыртқа, жарма, көкөніс пен мен жеміс, сүт өнімдері – бұл баланың табағында үнемі болуы керек тағамдардың ең кішкентай тізімі. Дегенмен, кейбір балабақшалар бүлдіршіндерге мұны да беруді естен шығарып жатады. Есесіне кез келген балабақша ата-аналар мен қоғам қайраткерлеріне балаларының не жейтінін тексеруге мүмкіндік бермейді.

2012 жылғы қабылданған қаулыдағы тамақтану нормалары бойынша балабақша тәрбиеленушісіне күніне жарты жұмыртқа, жасына байланысты 85-тен 100 граммға дейін ет, 250 грамм көкөніс, 50 грамм балық, сондай-ақ жарма, май және сүт берілуі керек.

Педиатрлардың сөзінше, 3 жастан бастап баланың мәзірінде кем дегенде бір ыстық тамақ болуы керек. Бұл жаста балаға 1,5 мың, ал 4 жастан 6 жасқа дейін 2 мыңға жуық калория қажет.

Гаухар Мыңжасарова, №6 емхананың педиатр-кеңесшісі: «Егер балаға дәрумендер жетіспесе, оның иммунитеті төмендейді, балаларда анемия пайда болады. Оттегінің дұрыс жеткізілуіне жауап беретін ақыл-ой қабілетін дамытатын дәрумендер де бар. Егер ол ағзаға тұрақты түрде жеткізілмесе, баланың ақыл-ой қабілеті бұзылуы мүмкін».

Баланың тамақтану дағдысы әртүрлі болуы керек. Олар қажетті калорияны зиянды фаст-фуд тағамдарынан емес, пайдалы ақуыздар мен қажетті көмірсулардан алуы қажет.

Гүлдана Дәурен