Шымкеттегі түрмелердің техникалық қауіпсіздігі сараланды

44

Темір тордың ар жағында да бизнесті дамытып, ақша табуға жағдай жасау керек. Бас прокуратураның өкілдері тұтқындар құр бос отырмауы тиіс, керісінше түзету шараларымен қатар табыс та таба білуі керек дейді. Ал Шымкент қаласында орналасқан колониялардың бәрінде цех, фабрикалар бар, бірақ олар Халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Қадағалау органының өкілдері жергілікті түрмелерге барып, жазасын өтеушілердің жағдайымен танысты.

Бұрын мұнда атқора болған. Кейіннен тергеу изоляторына айналған мекеме бертін келе түрме атанды. Ал қазір мұнда ауыр қылмысы үшін сотталған жандар жазасын өтейді.

Бұл әйел есірткі сатып, өзі де пайдаланғаны үшін жазасын өтеп жатыр. Бірақ жазасын өтеуші есімі мен түр әлпетін көрсетпеуін сұрады. Ол темір тордың арғы жағында жүріп тігінші мамандығын игерді. Енді әйел бостандыққа шыққанда жеке ателье ашып, жаңа өмір бастауды армандайды!

«Біз жасаған жұмысымызға қарай жалақы аламыз. Сәйкесінше көп ақша тапқың келсе, көп жұмыс жасау керексің. Мен қоймашымын, жалақым 60 мың теңге. Одан бөлек тігінмен айналысамын. Тіккен киімдерге байланысты оған бөлек ақша аламын», дейді.

«Жұмыс бар, бірақ мұндағы техникалық қауіпсіздік ақсап тұр», дейді Бас прокуратураның өкілі Индира Сейітқасымова. Ал жұмыс орны болса, өте аз!

Индира Сейітқасымова, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы ҚҚА-ның бас ғылыми қызметкері: «Түзеу бөлімінде 100 шақты әйел еңбек етуде. Оларға жұмысты 3 жеке кәсіпкер мен Еңбек мемлекеттік жобасы ұсынып отыр. Ондағы әйелдер тігінмен айналысады. Бірақ оларға жасалған мүмкіндік БҰҰ қойған талаптарға сай келмейді. Талап бойынша әйелдер жазаланушымен әйел жұмыс жасау керек. Десе де бізде олармен ер адамдар жұмыс жасап жатыр. Ал ыстық су жоқ. Шынында да түрмеде әйелдер жазасын өтеуі керек. Бірақ та жасалған мүмкіндік әлемдік стандарттарға сай келмейді. Бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға біраз уақыт болды».

Бұл қатаң режимдегі колонияда ер адамдар жазасын өтеп жатыр. Қадағалаушы орган өкілдері түзеу мекемесінің бос тұрған аумағын өндірістік ғимарат ретінде беруді ұсынды. Бұл орын сотталғандардың жаңа жұмысқа орналасып, тың мамандықты игеруіне септігін тигізеді.

Индира Сейітқасымова, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы ҚҚА-ның бас ғылыми қызметкері: «Біздің бақылап көргеніміз бойынша, барлық қауіпсіздік шаралары жасалған. Ер кісілер отыратын абақтыда өндірістік орынды қоршау керек. Ондағы қоршаулар өте ескі. Ол түрме қабырғалары бұрындары салынғандықтан қазіргі талаптарға сай келмейді. Сондықтан жазасын өтеушілер жүретін жерді қайта қоршау шараларын қарастыру керек».

Индира Сейітқасымованың айтуынша жұмыс қарқынды жүруі, колонияның жазасын өтеушілерге деген адалдығына, көзқарасына тікелей байланысты. Көпшілік тұтқындар жәй қарап жүргеннен, бос уақытын пайдалы іске жұмсауы керек. Сарапшының пікірінше түрмедегі кәсіпорында жұмыс істейтін сотталғандардың да жеке бас құқығы заң аясында қорғалады.

Әсел Мәлік