Түркістан облысы мен Шымкентте аптап ыстық күтілуде

64

Түркістан облысы мен Шымкентте алдағы апта аптап ыстық болады деп күтілуде. Синоптиктердің болжауынша, температура +40-тан +46 градусқа дейін жоғарылауы мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдай департаменті сақтық шараларын ұстануды сұрайды. Әрі күн өту белгілері байқалса, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну қажет дейді.

«Бас киімсіз далаға шықпаңыз». Өйткені алдағы 3 күнде Шымкентте аптап ыстық күтілуде. Соған байланысты «Қазгидромет» өкілдері ескерту жариялады. Мамандардың айтуынша, мегаполисте сынап бағаны +40+43 градусқа көтерілуі мүмкін. Ал Түркістан облысының кейбір аймақтарында ауа температурасы +46 градусқа дейін жоғарылайды дейді синоптиктер.

Әсим Нұрғалиқызы, РМК «Қазгидромет» Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі: «21-23 шілде аралығында күндіз облыстың басым бөлігінде +40,+43 градус, облыстың батысында, шөлді аудандарында +46 градус өте қатты ыстық күтіледі».

Төтеншеліктер бұл күндері шөлді басу үшін көбірек су ішуге кеңес береді. Әрі балаларды үйден шығармау керек екенін айтады. Өйткені, балалар- қоршаған ортаның жоғары температурасына ерекше сезімтал болып келеді. Егер балада терінің қызаруы, қызба, жүрек айну, ентігу, құрысулар және талып қалу секілді белгілер байқалса, бірден жедел-жәрдем шақырыңыз дейді.

Әсіресе ыстық ауа-райы жүрек-қан тамырлары аурулары, артериялық гипертензиясы бар, сонымен қатар инфаркт пен инсульт алған адамдар үшін қауіпті дейді мамандар. Сондықтан барынша үйден шықпауға кеңес береді. Ал аптап ыстықтың беті 24 шілде қайтады деп күтілуде.

Мөлдір Ибадуллаева