Түркістан облысында бу-газ қондырғысының капсуласы салынды. ТМД елдерінде теңдесі жоқ қондырғы құрылысы Төлеби ауданында қолға алынғалы отыр. Жоба жүзеге асса, бірнеше жылдан кейін облыс аймағында электр энергиясының тапшылығы болмайды. Тіпті, өнідірілетін электр қуаты бүкіл ел аумағын қамтиды деп жоспарланып отыр. Ал жаңа жоба аясында 2000-нан астам жұмыс орны ашылады.
Түркістан облысында бірегей жоба қолға алынды. Бу-газ қондырғысының баламасы Қазақстан тұрмақ, ТМД елдерінде жоқ дейді мамандар. Ал аталған жобаны іске асыру үшін 3 аймақ белгіленген. Олар — Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандары. Ал олардың ішінен техникалық себептері бойынша Төлеби ауданы таңдалып алынған. Салынғалы отырған жаңа қондырғы төңірекке экологиялық зиян келтірмейді дейді сала мамандары.
Талғат Букенов, «ПГУ Түркістан» ЖШС бас директоры: «Бұл аймақты таңдап алуымыздың да бірнеше себебі бар. Мәселен, Шымкенттегі қосалқы станцияға да жақын. Екіншіден, осы жерден 27 шақырым қашықтықта газ құбыры орналасқан. Бұл жобаны іске қосуда үлкен септігін тигізеді. Ал ең басты себептерінің бірі – су ресурсының қолжетімділігі. Бұл тұрғыда бізге таңдалып алған жерге өте жақын орналасқан су қоймасын атап айта аламыз».
Жаңа жобаның құрылысы 2024 жылы басталады. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал жоба іске қосылғаннан кейін шамамен 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттарды және «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасын ала отырып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп қойған.
Алмасадам Сәтқалиев, «Самырұқ-Қазына» АҚ басқарма төрағасы: «Жобаның жүзеге асуы өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді. Құрылыс кезінде 2000-ға жуық жұмыс орны ашылады. Пайдалану кезінде 200-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаны жүзеге асырудағы басым бағыттың бірі – тауарлар мен жұмыстарды сатып алуда жергілікті қамту үлесін арттыру. Компания жылына 5,5 Квт сағатына электр энергиясын өндіреді».
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев станцияның іргетасын қалап, салтанатты түрде естелік капсуласын салды. Жалпы бу-газ қондырғысының күші сағатына 1000 МВт. Жобаны іске асырудың болжамды құны 722 миллиардтан асады. Ал станцияның құрылыс жұмысы 2026 жылы аяқталады деп күтіліп отыр.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Біздің облысымыз қашан да энергия қуаты жағынан тапшы болған. Жалпы біздің облысымызда тұтынатын электр энергиясының күші 220 МВТ оның 80 пайызын басқа облыстардан аламыз. Бағасы да өте жоғары. Сол тапшылықұтан көптеген өндіріс дамымай жатыр. Оның бәрі энергияға байланысты. Соны шешу үшін үкіметтің қолдауымен, «Самырұқ-Қазына» қолдауымен іске асқалы жатыр. Бүгін үлкен қуаныш! Түркістан облысы тұрғындары үшін, сондықтан сіздерді құттықтаймын!».
Аталған жоба кәсіпкерлер үшін де оңтайлы болмақ. Себебі, нысан іске қосылғаннан кейін ірі бизнеспен айналысуға ниетті жандар тек Түркістан облысында ғана емес, жақын аймақтарда да зауыт немесе басқа да кәсіпорындарды еш қиындықсыз сала алады.
Әтірхан Шыңғысбаев, Төлеби ауданының тұрғыны: «Мына жерде үлкен бір бастама көтеріліп жатыр екен. Электр энергиясын шығып, онымен тек Төлеби ауданын ғана қамту емес, бүкіл Түркістан облысын қамтамасыз ететіндей тірлік жасалынады. Бұл енді Төлеби ауданы үшін өте бір жақсы бастама деп ойлаймын. Себебі қаншама халық жұмыспен қамтылады. Жұмыс орындары тек осымен ғана шектеліп қоймай, осыдан электр энергиясын алған қаншама кәсіпорындар ашылады деп ойлаймын. Сол кәсіпорындар елге қызмет жасай береді. Түркістан облысының көркеюіне, еліміздің көркеюіне бүкіл Қазақстанның дамуына үлкен қамқорлық күш болады ғой деп ойлаймын».
Сәкен Далиев, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Бұл – газ бен суды қыздырады, бумен турбинаны жандырғаннан кейін ток шығарады. Ток шығару көлемі 1000 Мвт-қа дейін. Мұның халыққа пайдасы қандай десеңіз – тұрақты электроэнергия, одан кейін болашақта зауыт немесе басқа да өндірістік кәсіпорын ашамын деген инвесторларға электр жнергиясы дайын, жеткілікті болады».
Қазір өңірге қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндіріледі деген жоспар бар. Нәтижесінде облыс аумағы энергия тапшылығынан құтылып, өзге аймақтарды да қамтамасыз етеді. Айта кетейік, аталған жоба ҚР Президенті жолдауы аясында жүзеге асырылып отыр.
Гүлдана Дәурен